ТҰРҒЫН ҮЙ САЛАСЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТҰРҒЫН ҮЙ САЛАСЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының «ТURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» тақырыбындағы форум өтті.

Форумға «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болатбек Нәжметдинұлы, партияның қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдықожаев, мәслихат депутаттары, департаменттердің және басқармалардың басшылары, аудан әкімдері, сондай-ақ, мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ) мен пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) өкілдері қатысты.

Форумды ашқан қала әкімі «AMANAT» партиясының өкілдеріне, МИБ төрағаларына, басқарушы компанияларға және тұрғын үй саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға белсенді қатысқан тұрғындарға алғысын білдірді. Әкімнің айтуынша, тұрғын үй-коммуналды шаруашылықты жаңарту, көп қабатты үйлерді басқарудың тиімді жүйесін дамыту және тұрғындармен ашық диалог орнату – жүзеге асырылып жатқан реформалардың маңызды бағыттарының бірі.

«Шымкентте тұрғын үй инфрақұрылымын жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бүгінде қаладағы тұрғын үй қоры көп қабатты 2 595 үйді құрайды, оның ішінде 1428-і кондоминиум нысаны ретінде тіркелген. Форум барысында айтылған ұсыныстар мен бастамалар тұрғын үй саласының одан әрі дамуына және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенемін», – деді Ғ.Сыздықбеков.

«AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев Шымкенттің қарқынды дамып келе жатқан мегаполистердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, «TURGYNDAR AMANATY» жобасы мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ) мен пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) жұмысын жетілдіруге, тұрғындар мен басқарушы ұйымдар арасындағы сенімді нығайтуға мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналды.

Партия хатшысы, сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында тұрғын үй-коммуналды инфрақұрылымды басқарудың жаңа моделін қалыптастыру міндетін қойғанын айтты. Оның сөзінше, тарифтер, абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, лифттердің жұмысы, интернет пен қауіпсіздік мәселелері азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер етеді және жүйелі тәсілді қажет етеді.

Кездесуге қатысушылар тұрғын үй-коммуналды шаруашылық саласындағы өзекті мәселелерді, инфрақұрылымды жаңарту, басқарушы органдар қызметінің ашықтығын арттыру және халықпен тиімді кері байланыс орнатуды жан-жақты талқылады.

Сонымен қатар, форум барысында жобаны жүзеге асыру кезінде туындайтын проблемалар да көтерілді. Оларды шешу мақсатында партия тарапынан бірқатар нақты ұсыныс айтылды. Атап айтқанда, МИБ төрағаларын оқыту жүйесін жетілдіру, тұрғындармен өзара іс-қимылды күшейту, партияның қалалық филиалы мен МИБ қауымдастықтары арасында меморандум жасау, сондай-ақ, арнайы қалалық кеңестер құру ұсынылды.

Форум қорытындысында жүргізіліп жатқан реформалар мен көтерілген бастамалар тұрғын үй саласының одан әрі дамуына және халықтың өмір сапасын арттыруға оң ықпал ететіні атап өтілді.