«БІРЛІК ДАСТАРХАНЫ»: ШЫМКЕНТТЕ БІРЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚТЫ НАСИХАТТАҒАН ФЕСТИВАЛЬ ӨТТІ

«БІРЛІК ДАСТАРХАНЫ»: ШЫМКЕНТТЕ БІРЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚТЫ НАСИХАТТАҒАН ФЕСТИВАЛЬ ӨТТІ

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Шымкент қаласының Орталық саябағында қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеуге арналған «Бірлік дастарханы» атты ауқымды фестиваль өтті.

Іс-шара қоғамдық келісімді нығайтуға, этносаралық татулық пен достықты дәріптеуге бағытталды. Фестивальге Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.

Мерекелік алаңда қолөнершілер көрмесі, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, сондай-ақ дәстүрлі тұрмыс көріністері ұйымдастырылды. Фестиваль аясында түрлі этнос өкілдері қазақ халқының ұлттық тағамдарын дайындау бойынша өзара бақ сынады.

Қатысушылар сегіз қазанда ет асып, қазы-қарта, жал-жая, бауырсақ және өзге де ұлттық тағам түрлерін ұсынды. Қазылар алқасы тағам әзірлеу технологиясының сақталуын, еттің дұрыс пісірілуін, қамыр дайындау шеберлігін және дастархан мәдениетін бағалады.

Сонымен қатар, келушілер асық ату, ләңгі тебу секілді ұлттық ойындарды тамашалап, бауырсақ пісіру, құрт жасау, кеспе кесу сияқты дәстүрлі үдерістермен танысты. Киіз үйлерде қазақ халқының қонақжайлық дәстүрлері мен ұлттық тағам дайындау тәсілдері көрсетілді.

Салтанатты бөлімде қала әкімі тұрғындарды мерекемен құттықтап, ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, татулық пен өзара сенім – мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі кепілі.

Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент қаласында 50-ден астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Қалада 17 этномәдени бірлестік пен 7 қоғамдық құрылым жұмыс істейді.

Фестиваль концерттік бағдарламамен жалғасып, сахнада патриоттық әндер шырқалды.

«Бірлік дастарханы» фестивалі ел ішіндегі татулықты, бірлік пен ортақ құндылықтарды дәріптейтін маңызды мәдени іс-шара ретінде жоғары деңгейде өтті.