
Шымкент қаласында жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларына арналған ауқымды оқу-дала жиынының бүгін екінші күні өтті. БАҚ өкілдері аталған оқу-дала жиынының барысын білмекке Ақтас оқу-жаттығу базасына арнайы келдік. Оқушылардың сап түзеген қатарын көріп, ел қорғайтын азаматтардың көп екеніне сенім арта түсті. Олар оқушы екендерін бір мезет ұмытып, дәл әскери тәртіпке еніп кеткен.
Іс-шара қала аумағындағы 5 ауданнан қатысушыларды қамти отырып, 5 күнге жоспарланған. Бүгінгі іс-шараға Әл-Фараби ауданының оқушылары қатысты. Негізгі мақсат – жасөспірімдерді әскери қызметке даярлау, олардың бойында патриоттық сана, жауапкершілік пен тәртіп дағдыларын қалыптастыру. Бағдарлама аясында қатысушылар әскери бөлім тәртібіне барынша жақындатылған күн режимі бойынша дайындықтан өтуде. Оқушылар таңғы жаттығудан бастап кешкі тексеріске дейінгі талаптарды сақтай отырып, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруда.
Дәл осы жиынға қатысушылардың бірі, Тұрар Рысқұлов №22 жалпы орта білім беретін мектептің 10 сынып оқушысы Рүстембек Бәйдібек. Ол оқу-жаттығу сабақтары бірнеше бағытты қамтығанын айтты.
– Отан алдындағы борышымды өтеуге 3 жыл қалды. 18 жасқа толған соң, бірден әскерге аттану ойымда бар. Бүгінгі жиында әскери өмірді сезініп көрдік. Сондай-ақ, бірнеше бағыт қамтылды. Мәселен, оқ ату дайындығы барысында АК-74 автоматының құрылымын меңгеру, оны бөлшектеу-жинау және нысана көздеу жаттығулары жүргізілді. Тактикалық дайындық шеңберінде ұрыс жүргізу әдістері, бүркемелену және жергілікті жерде бағдарлау тәсілдері үйретілді. Сонымен қатар саптық және дене дайындығында саптық жүріс, пәрмендерді орындау және физикалық төзімділікті арттыруға басымдық беріледі. Қорғаныс дайындығы барысында радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс құралдарын қолдану тәсілдері түсіндірілді,-деді Рүстембек Бәйдібек.
Жиын барысында оқушылар әскери дағдыларды меңгерумен қатар, командалық рухты, өзара қолдауды және ұйымшылдықты нығайтуда. Қатысушылар тапсырмаларды бірлесіп орындау арқылы тәртіп пен төзімділіктің маңызын тәжірибе жүзінде түсінуде. Оқу-дала жиыны алдағы күндері қаланың өзге аудандарындағы мектеп оқушыларын кезең-кезеңімен қамтитын болады. Іс-шара қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар мен жетекшілер марапатталмақ. Бұл бастама жас буынның әскери қызметке деген қызығушылығын арттырып, болашақ Отан қорғаушылардың даярлығын жүйелі түрде нығайтуға бағытталған.