
№89 IT мектеп-лицейі базасында «Таза Қазақстан» акциясы және Тазалық күні аясында экологиялық бағыттағы бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 6 және 7-сынып оқушыларына арналған арнайы экологиялық сабақ өтіп, онда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қоршаған ортаны қорғауға жауапкершілікпен қарау мәселелері кеңінен талқыланды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың табиғатты қорғауға деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру, сондай-ақ оларды туған өлкенің тазалығын сақтауға баулу.
Білім ордасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – қалдықтарды бөлек жинау тәжірибесі. Қазіргі таңда лицей аумағында 18 арнайы контейнер орнатылып, онда қағаз және пластик қалдықтары сұрыпталып жиналады. Аталған бастама білім беру мекемесінде 7 жылдан астам уақыт бойы тұрақты түрде іске асырылып келеді.
Сонымен қатар, мектеп жанында жылыжай мен зертхана жұмыс істейді. Бұл нысандар оқушыларға теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Оқушылар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бос уақыттарында түрлі өсімдіктер өсірумен айналысады.
Мектеп оқушылары қазіргі таңда заманауи агротехнологияларды да меңгеруде. Атап айтқанда, қияр өсірудің жаңа әдісі енгізіліп, арнайы пластик ыдыстарға отырғызылған тұқымдар бақылауға алынған. Жоба аясында көшеттер жетілгеннен кейін оларды ашық топыраққа көшіру және өнім алғанға дейін жүйелі бақылау жүргізу жоспарланған.
Мұндай жұмыстар Өзбекәлі Жәнібеков атындағы университет студенттерімен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бұл тәжірибе оқушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытуға оң ықпал етеді.
Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, білім беру үдерісінде теория мен тәжірибе өзара сабақтастықта қарастырылады. Соның нәтижесінде оқушылар экология саласында түрлі жобалар әзірлеп, оның ішінде қалдықтарды қайта өңдеу бағытындағы жобалар республикалық деңгейде жүлделі орындарға ие болып келеді.
Жалпы, мұндай экологиялық бастамалар өскелең ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілік көзқарасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Тәжірибелік сабақтар мен нақты жобалар арқылы оқушылар қоршаған ортаны қорғаудың маңызын терең түсініп, туған өлкенің тазалығын сақтауға белсенді атсалысуға үйренеді.