ШЫМКЕНТТЕ АНАЛАР ҚАУЫМЫ РЕФЕРЕНДУМ НӘТИЖЕЛЕРІН ҚОЛДАДЫ

ШЫМКЕНТТЕ АНАЛАР ҚАУЫМЫ РЕФЕРЕНДУМ НӘТИЖЕЛЕРІН ҚОЛДАДЫ

Бүгін Шымкент қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің референдум қорытындыларын қолдауға арналған мазмұнды жиыны өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – қоғамдағы тұрақтылықты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және аналардың ел бірлігін сақтаудағы маңызды рөлін айқындау болды.

Жиынды қалалық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Үралхан Сейілбекова ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде референдумның маңыздылығына тоқталып, бұл тек саяси науқан емес, халықтың болашаққа деген сенімін білдіретін маңызды қадам екенін атап өтті.
– Қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтау – әрбір азаматтың, соның ішінде аналардың да басты міндеті. Себебі тәрбие – отбасыдан бастау алады. Ал саналы ұрпақ – елдің жарқын болашағы. Сондықтан біз ұлттық құндылықтарды насихаттап, жас ұрпаққа дұрыс бағыт беруіміз қажет, – деді ол.

Жиын барысында түрлі сала өкілдері сөз сөйлеп, өзекті мәселелерді көтерді. Қалалық «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігінің төрайымы, Аналар кеңесінің мүшесі Гаухар Төлепова аналардың қоғамдағы келісім мен бірлікті нығайтудағы рөліне тоқталып, татулықтың бастауы отбасы тәрбиесінде жатқанын айтты.

Ал №34 жалпы орта мектептің мұғалімі Ләззат Үсіпахметова «Жаңа Конституция: азаматтық ұстаным және қоғамдық жауапкершілік» тақырыбында ой бөлісіп, әрбір азаматтың ел тағдырына бейжай қарамауы керектігін жеткізді. Сонымен қатар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығы да атап өтілді.

Аналар кеңесінің мүшесі Роза Үсенбекова отбасының қоғамдағы орнына және ата-ананың жауапкершілігіне тоқталып, ұлттық тәрбиенің сабақтастығын сақтаудың өзектілігін айтты. Ал қалалық славян этномәдени бірлестігінің төрағасы Наталья Романова этносаралық келісім мен қоғамдық татулық ел тұрақтылығының негізі екенін атап өтті.

Жиын қорытындысында Аналар кеңесінің мүшелері жастар тәрбиесіне басымдық беру, ұлттық құндылықтарды жүйелі түрде насихаттау және ел болашағына деген жауапкершілікті арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін бірауыздан қолдады.
Аналардың ортақ пікірі – берекелі қоғам қалыптастыру және тәрбиелі ұрпақ өсіру. Бұл басқосу тағы да бірлік пен тәрбие – кемел келешектің берік іргетасы екенін айқындай түсті.