ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫ ҰЛЫҚТАҒАН ЖАРЫС: ШЫМКЕНТТЕ АСЫҚ АТУДАН АШЫҚ БІРІНШІЛІК ӨТТІ

ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫ ҰЛЫҚТАҒАН ЖАРЫС: ШЫМКЕНТТЕ АСЫҚ АТУДАН АШЫҚ БІРІНШІЛІК ӨТТІ

Шымкент қаласында ұлттық спорт түрлерін дәріптеуге бағытталған асық атудан әуесқойлар арасында командалық ашық біріншілік ұйымдастырылды. Дәстүрлі ойынға деген қызығушылықты арттыруды көздеген жарысқа қаладағы түрлі ұйымдар мен білім беру мекемелерінен жасақталған командалар қатысты.

Биылғы додаға жалпы саны 25 команда қатысып, әр құрам 4 ойыншыдан жасақталды. Осылайша, жарыс алаңында 100-ге жуық спортшы бақ сынады. Қатысушылар асық атудың мергендік, ептілік және шапшаңдықты талап ететін қырларын жоғары деңгейде көрсетіп, көрермендерге тартысты әрі әсерлі ойын сыйлады.

Жарыс нәтижесі бойынша І орынды №18 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командасы жеңіп алды. Ал ІІ орын №13 ойын түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің еншісіне бұйырды. Үздік үштікті «Олимпиада резервін даярлау орталығы» командасы мен №8 қысқы ойын түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командасы түйіндеді.

Аталған біріншілік ұлттық спорт түрлерін дамытуға, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға және дәстүрлі ойындарға деген қызығушылықты арттыруға зор үлес қосты.

Ұйымдастырушылар мұндай жарыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп, ұлттық құндылықтарды насихаттау жұмыстары жалғасын табатынын атап өтті.