ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛ БОЛАШАҒЫНА БАСТАР МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛ БОЛАШАҒЫНА БАСТАР МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

Қазақстанның Жаңа Конституциясының қабылдануы ел өміріндегі маңызды тарихи кезең ретінде бағалануда. Осыған орай Шымкенттегі әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында қаладағы зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Руханият ордасында өткен басқосуға ақын-жазушылар, суретшілер, режиссерлер, қоғам қайраткерлері жиналып, ел үшін айрықша мәнге ие Ата заңның қабылдануымен жұртшылықты құттықтады. Еркін ой мен пікір алмасуға құрылған жиында жаңа Конституцияның тарихи, құқықтық әрі рухани маңызы кеңінен талқыланды.
Жиында сөз алған жазушы Захардин Қыстаубаев қазақ тілінде жазылған заңдардың тарихына тоқталып, жаңа Конституцияның маңызын атап өтті:

– Біздің елде қазақша жазылған екі-ақ заң болды. Оның бірі ілгері жылдардағы қалыңмалға тыйым салу туралы заң, екіншісі – шетелдегі қандастардың елге оралуына негіз болған көші-қон заңы. Алғашқысы дәстүрге қарсы келгендіктен толық орындалмады. Ал көші-қон заңы елдің бірігуіне, қазақ санының артуына ықпал етті. Сол заңдардан кейін тұңғыш рет қазақ тілінде жазылған осы жаңа Конституциямыз қабылданып отыр. Референдумда халықтың белсенділігі мен ықыласының жоғары болғанын көрдік, – деді ол.

Ал ақын, Ұлттық құрылтай мүшесі Біржан Байтуов қоғам белсенділігінің артуын оң өзгеріс ретінде бағалады:
–Бұл – қоғамның өз мемлекетінің болашағына бейжай қарамайтынын білдіреді. Бір кезеңдерде халық саяси өзгерістерге селқос қарайтын. Ел болып қабылданған Конституция талаптарын ендігі жерде тәртіпке бағынып, орындалуына күш салуымыз керек, – деді.

Еліміздің тәуелсіздік кезеңіндегі маңызды өзгерістерге назар аударып, зиялы қауымның қоғам алындағы жауапкершілігін еске салған жазушы Шойбек Орынбай «35 жыл ішінде Конституциямыз алғаш өзгеріп отыр. Оның өзін ел болып талқылап, қабылдап отырмыз. Еліміздің сыртқы саясаты берік. Қоғамда сөзбостандығы бар. Жеке пікірдің болғаны дұрыс, бірақ ұлт пен мемлекеттің мүддесі бәрінен жоғары тұруы тиіс. Бұл ретте зиялы қауым әрдайым сергек болуы қажет, – деді.

Өз кезегінде сөз алған белгілі өнер қайраткері, актер Еркін Шымырқұлов, еңбек ардагері, «Аманат» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы Пердеш Есенбеков, кинорежиссерлер Нұриддин Пәтеев, Батырхан Дәуренбеков жаңа Конституциядағы шығармашылық еркіндікке ерекше тоқталып, «Ел болып талқыланып қабылданған заңның орны бөлек» десті. Қоғамның өркендеуіне бағыт беретін құқықтық негіз екендігіне басымдық берген зиялы қауым заң талаптарының орындалуымен өмірешең екендігін де жасырмады.
–Маған қатты ұнағаны Жаңа Ата заңда үлкенді құрметтеуге мән берілген. Бұл өскелең жастардың бойынан сарқылып бара жатқан ұлттық құндылығымызды сақтап қалуға негіз болары сөзсіз. Ал тіл мәселесі әрбір қазақтың міндеті, мақсатына айналуы керек. Ұл-қызымен қазақша сөйлесіп, немересіне қазақша тәрбие берген қазақтар көбейсе тіліміз жетімсіремейтін болады,- деді белглі айтыскер ақын Кәрима Оралова.

Жиынды қорытындылаған кітапхана директоры Анар Жаппарқұлова бүгінгі қоғамдағы рухани сабақтастық мәселесін қозғай келе, «Жасанды интеллект өмірімізге дендеп еніп жатқан бүгінгідей қоғамда біз ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, оны дәріптеуге басымдық бергеніміз жөн» деді.

Зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан бұл жиында жалпы, жаңа Конституция құқықтық құжат қана емес, елдің рухани-мәдени дамуына да негіз болатын маңызды құндылық екені баяндалды. «Қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтып, ұлттық бірлікті бекемдейтін Ата заңымыз тәуелсіз Қазақстанның жаңа кезеңдегі даму бағытын айқындайтын басты бағдар деп» бағаланды.