
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппарат кеңесі өтті. Жиында Наурыз мейрамына дайындық, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментінің жұмысының өткен жылғы қорытындысы, сондай-ақ, индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарды дамыту мәселелері талқыланды.
Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаевтың айтуынша, биыл «Наурызнама» мерекелік онкүндігі «Digital Qazaqstan» жобасы аясында жаңа форматта ұйымдастырылады. «Digital Nauryz» іс-шаралар топтамасы ұлттық дәстүрлерді заманауи IT-технологиялармен және жасанды интеллект элементтерімен ұштастыруға бағытталған.
Мереке аясында қалада қолөнершілер мен ұлттық тағамдар көрмесі, кітап жәрмеңкесі, шығармашылық одақ өкілдерімен кездесулер және отандық әрі жергілікті дизайнерлердің ұлттық киімдер дефилесі өтеді. Сонымен қатар IT, VR және робототехника салалары бойынша «Стартаптар аллеясы» мектеп оқушылары жобаларының көрмесі ұйымдастырылады. Қоғамдық орындарда Наурыз тарихын таныстыратын жасанды интеллект негізіндегі бейне-аватарлар орнатылады.
Мұнымен қоса, бағдарламада отбасы құндылықтарын насихаттау және жасанды интеллект негіздерін үйрету шаралары, отбасылық «ROBOSHANYRAQ» робототехника жарысы, қаланы абаттандыру және көгалдандыру жұмысы, ұлттық спорт сайыстары, халықтық серуендер, концерттер мен дәстүрлі тағамдар фестивалі қарастырылған.
Негізгі іс-шаралар Астана, Наурыз, Әл-Фараби алаңдарында, сондай-ақ, Алатау, Металлургтер және Наурыз саябақтарында өтеді. Астана алаңында жергілікті және отандық өнерпаздар қатысатын концерт, робот-техника көрмесі, цифрлық киіз үй, ұлттық ойындары бар VR-алаңдар және интерактивті инсталляциялар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, 10 елден келген аспаздар мен қаладағы шамамен 50 мейрамхана өкілдері қатысатын халықаралық гастрономиялық фестиваль өтеді. Мерекелік бағдарлама аясында «Шымкент сазы» концерті, робот-диджей мен билейтін роботтардың қатысуымен гала-концерт, ұлттық киімдер дефилесі, «оркестрлер айтысы», жалпықалалық сенбілік және дрон-шоу жоспарланған. Қала тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін барлық іс-шараның толық бағдарламасы енгізілген бірыңғай QR-код ұсынылады.
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Қосбаев азаматтардың өтініштерін қарау және тауар нарығын талдау нәтижесінде антимонополиялық заңнаманы бұзуды жою жөнінде 9 ескерту берілгенін хабарлады.
2025 жылы бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзу белгілері бойынша 7 тергеу жүргізіліп, департаментке азаматтар мен кәсіпкерлерден барлығы 449 өтініш түскен, олардың бірқатары бойынша оң шешімдер қабылданған.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиевтің айтуынша, қалада жалпы аумағы 1 394 гектар болатын 8 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Онда 12 мың жұмыс орнын ашқан 324 жоба жүзеге асырылып, жалпы инвестиция көлемі 328 млрд теңгені құрады.
«Стандарт» жеке индустриялық аймағы пайдалануға берілді. Қолданыстағы индустриялық аймақтардың толымдылығы 90 пайыздан асады. Қазір 6 аймақты кеңейту және жаңа өндірістік аймақ құру жұмысы жүргізілуде. Биыл 1 мыңнан астам жұмыс орнын ашатын 26 жобаны іске қосу жоспарланған.
Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі Наурыз мерекесіне дайындық жұмыстарын күшейтуді, мерекелік іс-шаралар кезінде тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуді, кәсіпкерлер мен инвестициялық жобаларды қолдауды жалғастыруды, сондай-ақ, индустриялық аймақтарды дамыту мен кеңейту жұмысын жеделдетуді тапсырды.