РЕФЕРЕНДУМ-2026: №27 МЕКТЕПТЕ КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ АШЫҚ ТАЛҚЫЛАНДЫ

РЕФЕРЕНДУМ-2026: №27 МЕКТЕПТЕ КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ АШЫҚ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласындағы №27 жалпы орта мектебінде «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» халықтық коалициясы мүшелерінің қатысуымен мазмұнды кездесу өтті. Бұл жолғы басқосу әдеттегі ақпараттық жиыннан гөрі ашық диалог форматында өрбіді.

Коалиция өкілдері мектеп ұжымына Конституцияның жаңа жобасын таныстырып, алдағы референдумның мәні мен ел болашағына әсері жөнінде ой бөлісті.

Кездесуге Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, фракция жетекшісі Талғат Балтабаев, Шымкент қалалық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ғани Ташқараев, мәслихат депутаты Алия Юсупова, Шымкент қалалық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев және “AMANAT” партиясы Қаратау аудандық филиалының атқарушы хатшысы Данияр Омаров қатысты.

Талғат Балтабаев өз сөзінде Конституциялық өзгерістердің қоғам сұранысынан туындағанын атап өтті.

«Бұл құжат – елдің даму логикасын жаңғыртуға бағытталған нақты қадам. Заң үстемдігі күшейіп, мемлекеттік шешімдердің ашықтығы артады. Ең бастысы – халықтың үні естілуі тиіс», – деді ол.

Ал Ғани Ташқараев реформалардың тек мәтін жүзінде қалмай, іс жүзінде орындалуы маңызды екенін айтты.

«Конституция – жауапкершілік жүктейтін құжат. Әрбір норма нақты нәтиже беруі керек. Сондықтан біз үшін қоғамның белсенділігі мен кері байланысы маңызды», – деді ол.

Жиын барысында ұстаздар қауымы өз пікірлерін білдіріп, сұрақтарын қойды. Әсіресе, білім саласына қатысты құқықтық кепілдіктер мен әлеуметтік нормалар төңірегінде ой-пікір алмасу болды.

Кездесу қорытындысында қатысушылар референдум – елдің келешегіне ықпал ететін шешім екенін атап өтіп, саналы түрде таңдау жасау қажеттігін жеткізді.
Ұйымдастырушылар мұндай форматтағы кездесулер қоғамның әр саласында жалғасын табатынын мәлімдеді.

#референдум2026
#ЖаңаКонституцияҮшін
#ЗАновуюКонституцию
#АтаЗаң
#АтаЗаңдыҚолда