ШЫМКЕНТТІҢ ОҚУШЫЛАРЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУДА ТОП ЖАРДЫ

ШЫМКЕНТТІҢ ОҚУШЫЛАРЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУДА ТОП ЖАРДЫ

Бурабайда орналасқан «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында ХХІ «Зерде» республикалық зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстар конкурсы өтті. Еліміздің барлық өңірінен жиналған 324 оқушы қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша білім сайысына қатысты.

2-7 сынып оқушылары 260 жобаны таныстырып, ғылыми ізденісі мен шығармашылық қабілеттері негізіндегі тың идеяларын ұсынды, өзекті мәселелерге ғылыми тұрғыда талдау жасады.

Байқау қорытындысы бойынша Шымкент қаласының оқушылары жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындар мен грамоталарға ие болды.

Атап айтқанда, Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясынан Дияс Алпысбай мен Айару Ғалымова және М.Х.Дулати атындағы №8 мамандандырылған гимназияның оқушысы Бейбіт Сапарғали 1-орын ұтып алса, Мұхаммеджан Нұржан (№136 мектеп), Аяулым Нұржанқызы (Саттар Ерубаев атындағы №24 IT мектеп-лицей) және Айлин Асылбай (А.Макаренко атындағы №41 мектеп-лицей) 3-орынға иелік етті.

Сонымен қатар, Алина Зайтилла (№89 IT мектеп-лицей) мен Ислам Қабыл (Циолковский атындағы №84 мектеп) арнайы грамотамен марапатталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ҚР Оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының грамоталары табысталды.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі