САРАПШЫЛАР КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАНЫҢ НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕРІН ТҮСІНДІРДІ

САРАПШЫЛАР КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАНЫҢ НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕРІН ТҮСІНДІРДІ

Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформа мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында заңгерлер мен сарапшылар шағын бизнес өкілдерімен кездесті. Кезекті кездесу «Қырғы базарында» өтіп, онда жеке кәсіпкерлерге - қоғамның ең белсенді әрі еңбекқор санаттарының біріне — тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сарапшы Ердәулет Асанбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан жаңа тарихи даму кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңартылған Конституция елдің саяси, құқықтық және қоғамдық дамуының жаңа негіздерін айқындайды. Ауқымды өзгерістер қоғам сұранысы мен уақыт талабынан туындаған заңды үдеріс болып табылады.

«Жаңа Конституция – еліміздің Негізгі заңының тарихи эволюциясының заңды жалғасы және «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін үкімет» қағидатының тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл билік өкілеттіктерінің шектен тыс шоғырлануын шектеу, Парламенттің рөлін күшейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақты әрі тиімді қорғауды көздейді», - деді Ердәулет Асанбек.

Кездесу барысында қатысушыларға Конституция мемлекеттіліктің іргетасы әрі қоғам дамуының стратегиялық бағдарларын айқындайтын басты құжат екені түсіндірілді. Негізгі заңға енгізілетін кез келген өзгеріс ел болашағына тікелей әсер етеді. Жүргізіліп жатқан реформаның басты ерекшелігі – оның ашық әрі инклюзивті сипатында. Өзгерістер жобасы қоғамдық пікірді ескере отырып әзірленіп, азаматтармен кеңінен талқылауды көздейді. Бұл Қазақстанда жаңа саяси мәдениеттің қалыптасып, азаматтық жауапкершілік деңгейінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Жаңартылған преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің ең жоғары басымдығы ретінде бекітілген. Бірлік, ынтымақтастық, ұлтаралық және конфессияаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің негізі ретінде айқындалған. Егемендік, тәуелсіздік және аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар қатарына жатқызылған. Мемлекеттің зайырлылық қағидатын нығайтуға ерекше назар аударылған.