МҰҒАЛІМДЕР КОНСТИТУЦИЯДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕРДІ ҚОЛДАЙДЫ

МҰҒАЛІМДЕР КОНСТИТУЦИЯДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕРДІ ҚОЛДАЙДЫ

Шымкент қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназия ұжымы Конституцияға енгізілген өзгерістерді талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізді. Әріптестік қолдау форматында ұйымдастырылған жиын барысында педагогтар Ата заңға енгізілген түзетулерді өзара түсіндіріп, олардың мазмұны мен маңызын жан-жақты саралады.

Іс-шараны мектеп директоры Алмас Қайыпов ашып, Конституциялық реформалардың ел болашағы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, енгізілген өзгерістер қоғам сұранысынан туындап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.

Жиын барысында ұстаздар Конституциядағы 77 бапқа енгізілген түзетулерге тоқталып, олардың саяси реформаларды тереңдетуге және құқықтық мемлекет қағидаларын нығайтуға негіз болатынын жеткізді. Әсіресе, «Әділетті Мемлекет» тұжырымдамасының негізгі қағида ретінде айқындалуы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, халық пен билік арасындағы сенімді арттыруға ықпал ететіні айтылды.
Сонымен қатар, тарихи сабақтастық мәселесі де кеңінен қозғалды. Қатысушылар Қазақстанның ұлы дала мемлекеттерінің мұрагері ретіндегі рөлі мен ұлттық құндылықтардың сабақтастығы Ата заңда нақты көрініс тапқанын атап өтті.

Дөңгелек үстелде процессуалдық кепілдіктерді күшейтуге қатысты өзгерістерге ерекше назар аударылды. Бұл түзетулер азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіріп, сот төрелігінің әділдігін қамтамасыз етуге бағытталғаны айтылды.

Сондай-ақ Президент өкілеттігіне қатысты маңызды жаңашылдықтар талқыланды. Атап айтқанда, Президенттің бір адамға бір рет сайлануы туралы норма демократиялық үдерістерді нығайтуға қызмет ететіні сөз болды. Парламенттің рөлі мен жауапкершілігін арттыру мәселесі де кеңінен сараланды.
Жиын қорытындысы бойынша мектеп ұжымы жаңа Ата Заңға қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.