
Шымкентте жоғары технологиялы ортопедиялық оталар қолжетімді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен былтырғы жылы қаладағы медициналық ұйымдарда 600-ге жуық күрделі операция жасалған.
ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының мәліметінше, бүгінгі таңда иық, тізе және жамбас буындарын қалпына келтіру оталары мен сүйек пішінінің бұзылыстарын түзету, сондай-ақ жасанды буын салу сияқты күрделі операциялар сәтті жасалуда. Оның ішінде қол-аяғы қимылсыз қалып, жамбас сүйегі зақымдалған науқастар жасанды буын салдырудың көмегімен қалыпты өмірге оралған.
Хирургиялық араласулар заманауи медициналық жабдықтарды пайдалана отырып, барлық медициналық талаптарға сай орындалады. Шымкентте ортопедиялық күрделі ота жасайтын бірден -бір медициналық ұйым – бұл Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасы. Емдеу мекемесінде сүйек-буын жүйесі аурулары мен жарақаттарын емдеуге бағытталған шұғыл және жоспарлы күрделі хирургиялық оталар сәтті жүзеге асырылып келеді. Былтыр мұнда МӘМС есебінен 200-ден астам ортопедиялық операция жасалған. Аурухана тәжірибелі ортопед-дәрігерлермен, жарақаттану және ортопедия саласына бейімделген операциялық бөліммен және толыққанды оңалту қызметімен қамтамасыз етілген. Отадан кейін науқастар дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, қалпына келтіру емінен өтеді.
Аталмыш клиниканың ортопедия бөлімінде күні кеше 22 жастағы науқастың иығына күрделі операция сәтті жүргізілді. Жалпы жансыздандыру арқылы науқастың жауырын сүйегімен бірге сіңірі алынып, сүйектегі ақау қалпына келтірілді. Дәрігерлердің айтуынша, енді иық буынының тұрақтылығы қалпына келтіріліп, тайып кету қаупі жойылды. Бұған дейін науқастың иығы жиі шығып, қол қозғалысын шектейтін.
Айта кету керек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында ортопедиялық медициналық көмек алу үшін азаматтың сақтандырылған мәртебесі болуы және медициналық көрсеткіштер бойынша дәрігердің жолдамасы қажет.