
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Жиын барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмауға қатысты эпидемиологиялық жағдай, сондай-ақ субұрқақтардың биылғы жұмысы мен келесі жылға жоспарлар жөнінде баяндамалар тыңдалды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қадырбеков Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында сыбайлас жемқорлық қылмыстарға жауапкершілікті қатаңдату шаралары қабылданғанын атап өтті.
Нақты айтқанда, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыспен сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғау күшейтілді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен сотталғандарды қоныс-колонияларға жіберу тоқтатылды.
Мемлекеттік қызметкерлерге лауазымға тағайындалған кезде шетелдік банктегі шоттарын жабуға алты ай мерзім беріледі. Алдын алу, ашықтық, заңдылық және сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік қағидаты негізгі басым бағыттар болып қала береді.
Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Талғат Серманизов эпидемиялық маусым басталғалы бері 150 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелгенін айтты. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп бағалануда.
Алдын алу мақсатында жергілікті бюджет есебінен тұмауға қарсы 150 мың доза вакцина сатып алынып, тәуекел топтарындағы адамдар тегін екпемен қамтылды. Оқушылар арасында аурушаңдықтың жаппай өсуі байқалмайды, мектептерде күнделікті таңертеңгі сүзгі жүргізіліп, оқушылардың дене қызуы өлшенеді.
Қаладағы медициналық ұйымдарда ЖРВИ мен тұмаумен ауыратын науқастарды қабылдауға 390 төсек-орын қарастырылған. Желтоқсан айында инфекциялық ауруханада жүктеме артуы байқалады. Осыған орай қала тұрғындары арасында санитариялық-ағарту жұмысы белсенді жүргізілуде.
Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілхайыр Оңғардың айтуынша, Шымкентте 57 нысанда 86 субұрқақ жұмыс істейді. Оның 41-і – басқарманың қарауында.
Жыл бойы субұрқақтар бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істеді. Бес субұрқақ қайта жөнделді, 93 сорғы агрегаты ауыстырылды, су жаңарту, санитариялық тазалау және техникалық қызмет көрсету жұмыстары тұрақты жүргізілді.
Сонымен қатар, демеушілердің қаржысы есебінен жаңа 18 субұрқақ пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта олар көктемде қайта іске қосу үшін кезең-кезеңімен қысқы консервацияға қойылуда.
Жиын қорытындысы бойынша қала әкімі сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтуді, эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және субұрқақтарды қысқы күтімге қоюды сапалы жүргізуді тапсырды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі