
Шымкенттегі «Білім-инновация» №1 лицей-интернатының 10 сынып оқушысы Арсен Алмасхан тың жаңалық ұсынды. 15 жасар өнертапқыш науқасқа диагноз қоятын жасанды интеллект негізіндегі бағдарламаны жасап шыққан.
Бағдарлама сегіз көрсеткішке талдау жасап, бір уақытта бірнеше ауру белгілерін анықтай алады. Бұған дейін дәрігерлер әр дертті жеке-жеке тексерсе, Арсен әзірлеген жүйеге диагноз қоюға нәбәрі 3 секунд жеткілікті. Осылайша бірнеше дертті қатар анықтайтын бағдарлама уақыт үнемдейді, қолжетімді қызмет ұсынады.
Жеткіншек бұл идея қарындасына ұзақ уақыт диагноз қойылмай, төрт ай бойы тексеруден өткеннен кейін туғанын айтады. Ол ашық дереккөздердегі 800 адамның медициналық деректерімен тәжірибе жасап, бағдарламаның 80 пайыз дәлдікпен диагноз қойғанын атап өтті.
Қазір оқушы бағдарламаны жетілдіру үшін команда жинауды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта қазақстандықтардың медициналық деректеріне ресми рұқсат пен қуатты компьютер қажет болады. Егер жоба қолдау тауып, кеңейтіле түссе, Қазақстанда медициналық диагностика жаңа деңгейге көтерілуі әбден мүмкін.