«Таза Қазақстан»: Шымкентте қала тұрғындары мен оқушылар экологиялық іс-шараларға белсенді қатысты

«Таза Қазақстан»: Шымкентте қала тұрғындары мен оқушылар экологиялық іс-шараларға белсенді қатысты

Шымкент қаласында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ауқымды тазалық шаралары ұйымдастырылды. Іс-шараларға қала тұрғындары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, еріктілер, жастар және білім беру мекемелерінің оқушылары белсене қатысты.
Атап айтқанда, Абай ауданына қарасты Қызылжар шағын ауданында «Таза мекен» акциясы өткізілді. Қатысушылар аула аумақтарын, көшелер бойын, арық-атыздар мен ирригациялық жүйелерді күл-қоқыстан тазалап, шөп шауып, аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Қоғам белсендісі Бастархан Байжановтың айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы тек сенбілікпен шектелмейді. Бұл бастама қоғамда экологиялық сананы қалыптастыруға, табиғатқа жанашырлықпен қарауға, сондай-ақ жас ұрпаққа үлгі көрсетуге бағытталған кешенді шара болып табылады.
Осындай тазалық акциялары Әл-Фараби ауданының №16 шағын ауданында, Еңбекші ауданының Қалмырзаев көшесінде, Қаратау ауданының Мирас шағын ауданындағы Ғұн елі, Кеме қалған, Алтын адам көшелерінің бойында, сондай-ақ Тұран ауданының Жаңа талап шағын ауданында өткізілді.

Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының өкілдері де аталған іс-шараларға белсенді қатысып, өз үлестерін қосты. Жас белсенділер Абай саябағында қоқыс жинап, тазалық жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, қаланың барлық білім беру ұйымдарында экологиялық тәрбиеге бағытталған сынып сағаттары мен арнайы дәрістер өткізілді. Оқушыларға қоршаған ортаны қорғау, табиғатқа ұқыпты қарау және тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптап, арнайы орындарға тастау қажеттілігі жөнінде кеңінен түсіндірілді.

Атап айтқанда, №5, №15 және №45 орта мектептерінде экологиялық тақырыптағы ашық сабақтар ұйымдастырылып, оқушылар экология мәселелеріне арналған іс-шараларға белсенді қатысты. «Таза қала» атты экологиялық дәрістер барысында балаларға қоршаған ортаның тазалығын сақтау мен экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы Шымкент қаласында жүйелі түрде жалғасып, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті дамытуға, сондай-ақ елді мекендерді таза және қолайлы етуге бағытталған жұмыстармен ұштасып келеді.