Шымкент қаласындағы «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде ұлттық тағам мәдениетін ұлықтауға арналған «Дән мен дәм FEST» гастрономиялық фестивалі өтті. Ұйымдастырушысы – Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы.
Бұл күні «Шымқала» кешені қазақы рухқа бөленді. Кіреберістен бастап домбыраның қоңыр үні естіліп, жібек кимешек киген әжелер мен ақ жаулықты аналар, шапан жамылған ақсақалдар, ұлттық киімдегі жастар ерекше әсерлі көрініс сыйлады. Қонақтар этноауылдың шынайы бейнесін тамашалап, қазан асқан ошақтың қасында бұрқыраған дәм иісін сезіп, өткен дәуірдің тынысын кешкендей күйге бөленді.
Фестивальдің басты мақсаты – ұмыт болған ұлттық тағам түрлерін қайта жаңғырту, ас дайындаудың дәстүрлі әдістерін ұрпақ санасына сіңіру, ұлттық құндылықтарды күнделікті өмірде насихаттау. Шара барысында 15 түрлі ұлттық тағам әзірленді. Әр тағамның жасалу тәсілі мен тарихы туралы кеңінен айтылды. Үлпершек, өрметөстік, сый табақ, дән көже, жұқпа, құрт көже, талқан секілді дәстүрлі тағамдар қонақтарға ұсынылды. Қатысушылар күбі пісу, май шайқау, келі түю, бидай мен жүгері қуыру, диірмен тарту, таба пісіру сияқты көне тұрмыс көріністерін тамашалады. Бұл көріністер ұлттық өмірдің мәнін, тіршіліктің табиғи үйлесімін көрсетіп, ұлт болмысының тамыры тереңде жатқанын айқындады.
Жалпы бұл шараға 20-дан астам этноорталық пен мәдени бірлестік, 10-ға жуық оқу орнының өкілдері, жергілікті тұрғындар және шетелдік меймандар қатысты. Жалпы саны 500-ден астам адамды қамтыған шара қазақ халқының ұлттық тағам дәстүрі мен тұрмыс мәдениетінің бай мұрасына куә болды.
Сондай-ақ, фестивальдің ерекше бөлігі – ас дайындау шеберлік сағаты. Ақ жаулықты әжелеріміз ұлттық тағам түрлерін жасап, қонақтарға дәмнің дайындалу жолын ғана емес, оның мағынасын да түсіндірді. Әр тағамның өз дәуіріне тән мәні, наным-сенімі, құрмет көрсету мәдениеті бар. Мысалы, үлпершек – сыйластықтың, өрметөстік – батырлықтың, ал дән көже – молшылық пен бірліктің нышаны.
«Шымкент келбеті»