
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалында 22-24 қыркүйек күндері «Сайлау процесінің теориялық, практикалық аспектілері және сайлау комиссияларының қызметін ұйымдастыру» тақырыбында оқыту семинары өтті.
Семинарға 200-ге жуық аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері қатысты. Семинар тақырыбына сай қатысушыларға Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері мен академияның кәсіби оқытушылары дәріс берді.
Каскадық тәсілде өткен оқыту семинарының мақсаты - сайлау мен референдум процестерінің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін, оның теориялық және практикалық аспектілерін терең зерделеу арқылы тыңдаушылардың сайлау жүйесіне қатысты білімін және сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыру. Комиссиялар жұмысын ұйымдастырудың тиімді тәсілдерін қалыптастыру. Теориялық сабақтармен қатар алған білімді бекіту мақсатында қатысушылар түрлі кейстерді талқылап, дұрыс шешім қабылдау дағдыларын жетілдірді.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар сайлау процесінің теориялық және практикалық негіздерін терең түсініп, сайлау комиссияларының құрылымы мен олардың қызметін ұйымдастыру тетіктері бойынша тест тапсырып, тиімді коммуникация құру мен стрестің алдын алу бойынша кәсіби құзыреттіліктерін арттырды.