Шымкентте жылу желілерін жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Арнайы ұйымдастырылған баспасөз туры барысында «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мекемесінің инвестициялық бағдарламалары мен тарифтік сметалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстары таныстырылды.
Іс-шараны Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ұйымдастырды. Мекеме 2021–2026 жылдарға арналған жалпы құны 81,8 млн теңгеден асатын инвестициялық бағдарлама шеңберінде қаланың жылу желілерін кезең-кезеңімен қайта құру жұмыстарын жүргізіп келеді. Атап айтқанда, биылға жоспарланған 454 метр жылу желісін ауыстыру жұмыстары толық орындалған. Бұл мақсатқа 16,3 млн теңге қарастырылған болса, оның 12,3 млн теңгесі игеріліп, мемлекеттік сатып алу нәтижесінде 3,9 млн теңге үнемделген.
Жаңғырту нәтижесінде жылу жүйелеріндегі ысыраптар қысқарып, апаттық жағдайлар азайып, ең бастысы, тұрғындарға жеткізілетін жылу сапасы артып отыр.
«Қуатжылуорталық-3» мекемесі бүгінде Шымкент қаласының жылу жүйелеріне толық қызмет көрсетеді. Қазір қалада 2154 көпқабатты үй, 279 әлеуметтік нысан, соның ішінде, мектеп, балабақша мен аурухана, 238 заңды тұлға орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 823,8 шақырымды құрайды, соның ішінде 150 шақырымы магистралдық, 673,8 шақырымы орамішілік желілер.
Мекеме директорының орынбасары Айдарбек Қалдыкөзов жылу желілерін жаңғыртудағы нақты жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, осы бағдарлама аясында бөлінген қаражат есебінен «Күншығыс» шағынауданындағы 11А үйге дейінгі ұзындығы 454 метр құбыр толық ауыстырылды. Бұрын жиі ақау шығаратын ескі құбырлардың орнына жаңа жүйе орнатылып, бүгінде сапалы жылу жеткізіліп отыр. «Бұл жұмыстардың нәтижесінде нормативтік ысыраптар 1,5 пайыздан 0,4 пайызға дейін төмендеді. Жылу сапасы артып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет деңгейі жақсарды. Жалпы, мұндай жұмыстар тек бір шағынауданмен шектелмейді, қала бойынша жүйелі жүргізіліп келеді. Мәселен, тариф есебінен қарастырылған ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында биыл тоқсанға жуық нысанда жылу құбырларындағы ақаулар жойылды.