Биыл М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде 3571 түлек үлкен өмірге жолдама алды. Оның ішінде білім биігін бағындырған 159 түлек үздік атанды. Бүгін бітіруші түлектерге арналған дүбірлі «Үздік түлек-2025» мерекелік іс-шарасы үлкен деңгейде өтіп, салтанатты диплом табыстау рәсіміне университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары, «AMANAT» партиясының өкілдері, оқу ордамыздың елімізге танымал түлектері және қуанышты сәтті бөлісуге ата-аналар жиналды. Университетіміздің Басқарма Төрағасы-ректоры Дархан Ахмед-Заки барша түлектерге ыстық лебізін білдірді.
– Бүгін университетімізде тарихи сәт. Оңтүстік өңірдегі ғылым мен білімнің іргелі қара шаңырағы Әуезов университетінде білім алып, түлектеріміз өз ұясынан ұшқалы отыр. Баршаңызға белгілі, қазіргі жаһандану процесіне икемді мамандар даярлау өте өзекті болып отыр. Оқу ордасы осы мәселеге басымдық беріп келеді. Әлемдік жетекші жоғары оқу орындарымен іс-тәжірибе алмасу арқылы ғылыми процесті жетілдіру – біздің басты бағытымыз. 80 жылдан астам уақыт ішінде оқу ордамыз 240 мыңнан астам түлекке үлкен өмірге жолдама берді. Олар бүгінгі таңда әлемнің көптеген елдерінде абыроймен қызмет атқарып, қоғамның әр саласында зор табыстарға жетуде. Бұл – біздің университетіміздің әлемдік бәсекелістікке қабілеттігін көрсетеді.
Сіздерді еліміздің игілігі мен егемендігіне тұғырлы Тәуелсіздігіне қалтқысыз қызмет етеді деген сенімдемін!, - деген Дархан Жұмақанұлы түлектерге ақ жол тіледі.
«САУТС-ОЙЛ» компаниясының президенті Сейітжанов Серікжан Сейітжанұлы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «М.Әуезов университеті түлектерінің қауымдастығы» ҚБ төрағасы Искандиров Мұқаш Зұлқайнарұлы түлектерге диплом табыстай отырып, өздері білім алған оқу ордасы жайлы естеліктерін бөлісті, білімді жастар қашанда биіктен көрінетінін жеткізе отырып, білім алуда ізденісті тоқтатпауға шақырды.
Салтанатты мереке концерттік бағдарламаға ұласып, өнер иелері әннен шашу шашты. Үздік түлектердің құрметіне орай ұйымдастырылған отшашу ерекше көңіл-күй сыйлады.