
Спортты дамыту, жас таланттарды қолдау және салауатты өмір салтын қалыптастыру – Шымкент қаласы әкімдігінің басым бағыттарының қатарында. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков болашағынан үміт күттіретін спортшылар мен олардың жаттықтырушыларымен кездесуде айтты. Мегаполис басшысы халықаралық жарыстарда жарқын жеңістерге жеткен спортшыларды құттықтады.
Словенияның Копер қаласында өткен спорттық гимнастикадан Әлем кубогының екінші кезеңінде Диас Тойшыбек жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, гимнастикалық ат снарядында алтын медаль жеңіп алды. Бұл турнирге әлемнің 20 елінен шамамен 100 спортшы қатысты.
Тағы бір маңызды жетістік – Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен жасөспірімдер арасындағы таэквондодан әлем чемпионатында Хамзаальпер Ромашкиннің жеңісі болды. 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ол финалда қарсыласын жеңіп, әлем чемпионы атанды.
«Бұл тамаша жеңістер – табандылықтың, бапкерлердің кәсібилігінің және нағыз командалық рухтың нәтижесі. Қаламыздың абыройын арттыруға қосқан үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Әкім жас спортшыларға зор денсаулық, жаңа жеңістер тіледі. Ол қалада спортты дамытуға, инфрақұрылымды жетілдіруге және жастардың әлеуетін көтеруге жағдай жасауда кешенді шаралар жалғасатынын жеткізді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі