Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты Отбасын қолдау орталығында Аналар күні мен Халықаралық отбасы күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Мерекелік іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, басқарма басшысы Жанат Өтебаева, Полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің инспекторлары, сондай-ақ қаладағы «Әділ билер», «Әжелер кеңесі» және «Жас отбасылар кеңесі» ұйымдарының жетекшілері қатысты.
Жиында сөз алған Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өмірсейітқызы қалалық деңгейде отбасы институтын нығайтуға бағытталған жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында 2020 жылы елімізде алғаш болып «SHANYRAQ» отбасын қолдау орталығы құрылды. Кейін бұл бастама «Бақытты жанұя» және қазіргі «Отбасын қолдау орталығы» ретінде жалғасын тапты. Мұнда көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар мен өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар үшін тегін кеңес пен кәсіби бағыт-бағдар беріледі. Көптеген аналар осында жаңа мамандық иеленіп, өз ісін бастап кетті. Сонымен қатар қалада егде жастағы азаматтарға арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы, «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешені және ерекше балаларға арналған «Қамқорлық» №8 орталығы сынды мекемелер жұмыс істеп тұр, – деді басқарма басшысы.
Іс-шара барысында Ербол Байқонысов әлеуметтік салада абыройлы еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлерді «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаевтың Алғыс хатымен марапаттады.
Жиын соңында қонақтар орталықтың жұмысымен танысып, әлеуметтік қолдау бағытында атқарылып жатқан қызметтерге оң бағасын берді.