
Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек баспасөз брифингте әлеуметтік саладағы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Шаһарда тұрғындарды жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. 2025 жылға дейін жалпы 49 513 азаматты жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған. Осы жылдың 1 сәуіріне дейін 9 737 адам түрлі бағдарлама аясында жұмысқа орналасқан.
Қаланың еңбек нарығындағы жағдай тұрақты: 2024 жылы жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды, ал жастар арасындағы жұмыссыздық 3,5%-ды құрайды. Бұл көрсеткіштер республикалық деңгеймен салыстырғанда тұрақты даму динамикасын көрсетеді.
Әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету мақсатында, 2019 жылдан бері бизнес бастауға 400 АЕК-ке дейінгі қайтарымсыз грант беріліп келеді. 2024 жылы 428 азаматтың бизнес-жобасы комиссия шешімімен мақұлданып, әр азамат 1 476 800 теңге көлемінде қаржы алған.
–Алайда, бұл бағыттағы мониторинг нәтижелері бірқатар олқылықтарды да көрсетті. Атап айтқанда, 2024 жылы 36 азамат грантты мақсатсыз пайдаланғаны анықталып, олардың 10-ның ісі сотқа жолданған. Қалған 26 азаматпен бюджетке қаржы қайтару жұмыстары жүргізілуде, -деді Сәрсен Абайұлы.
2025 жылға арналған жоспарға сәйкес, тағы 260 азаматқа қайтарымсыз грант беру көзделуде. Өтінім қабылдау күні Республика бойынша алдын ала хабарланып, бір күнде өткізіледі.
Сондай-ақ, өңіраралық ерікті көші-қон мәселесі де назардан тыс қалмаған. 2024 жылы Шымкенттен 159 отбасы (592 адам) елдің солтүстік өңірлеріне қоныс аударса, 2025 жылдың басынан бері тағы бір отбасы (6 адам) солтүстікке көшкен.
Бұл деректер Шымкент қаласының халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау саласында жүйелі түрде жұмыстар жүргізіп жатқанын көрсетеді.