Шымкентте жыл басынан бері 2 мыңға жуық жас тұрақты жұмысқа орналасқан.
Шымкент қаласында биыл 7 500 жасты тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Жыл басынан бері осы жоспардың аясында 1 763 жас түлек тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл – жастардың кәсіби болашағын қалыптастыруға бағытталған нақты шаралардың нәтижесі.
Оқу орнын бітірген соң бірден жұмыс табу – әрбір жас түлек үшін маңызды. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Зерттеу университетінің 2024 жылғы түлегі Аяжан Мәдіхан — осындай мүмкіндікке ие болған жастардың бірі. «Жерге орналастыру және кадастр» мамандығы бойынша білім алған Аяжан бүгінде «ИНТЕРГАЗ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ» акционерлік қоғамына І санатты жерге орналастыру инженері болып жұмысқа орналасқан.
– Қазақ үшін жер дауы – әрқашан өзекті тақырып. Гүлденіп келе жатқан Шымкент қаласында мен таңдаған мамандық сұранысқа ие болатынына сендім. Диплом алған соң жұмыс табуға қатысты күмәнім болғанымен, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудан кейін сенімім артты. Қазір өз мамандығым бойынша қызмет етіп, үлкен тәжірибе жинап жатырмын, – дейді Аяжан Нұркенқызы.
Жас мамандарға жұмысқа орналасуға көмектесу мақсатында Шымкентте аудандық мансап орталықтары жұмыс істейді. Мұнда жастарға кеңес беріліп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі ұсынылады. Атап айтқанда, «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» сынды жобалар жас түлектерге алғашқы еңбек жолын бастауға сеп болуда.
Аудандық мансап орталықтарының мекенжайлары:
* Абай ауданы – Арғынбеков 243/3
* Еңбекші ауданы – Астана ш/а 106
* Әл-Фараби ауданы – Байтұрсынов 201
* Қаратау ауданы – Бәйтереков 89
* Тұран ауданы – Қазыбек би 50