9 МАМЫР: ШЫМКЕНТТЕ ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР АРТАДЫ

9 МАМЫР: ШЫМКЕНТТЕ ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР АРТАДЫ

9 МАМЫР: ШЫМКЕНТТЕ ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР АРТАДЫ

9 мамыр Жеңіс мерекесі жақындап қалды, өкінішке орай, Ұлы Отан соғысының ардагерлері жыл сайын азайып келеді. Бүгінде қаламызда екі ардагер тұрады. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қала мәслихатының кезектен тыс сессиясының күн тәртібіне Жеңістің 79 жылдығына орай ҰОС ардагерлеріне көрсетілетін көмек көлемін 1 329 120 теңгеден (360 АЕК) 2 000 000 теңгеге (542 АЕК) дейін арттыру мәселесін шығаруды тапсырды.

Тыл еңбеккерлеріне де материалдық көмек көрсетіледі. Өткен жылы оларға 41 400 теңге (12 АЕК) төленсе, биыл бұл сома 55 380 теңгеге (15 АЕК) ұлғайтылды. Қалада 1872 тыл еңбеккері ақшалай төлем алады.

Сонымен қатар, 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаға қатысушылар арасынан саяси қуғын-сүргін құрбандарына тиесілі біржолғы әлеуметтік төлем өседі. Биыл олар 239 980 теңге (65 АЕК) алады. Бүгінде Шымкентте осы топқа жататын 18 адам тұрады.

Сондай-ақ мынадай біржолғы төлемдерге өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, 29 тамыз Семей ядролық сынақ полигоны жабылған күнге байланысты ядролық сынақтар салдарынан мүгедек болып қалған және ядролық сынақтарға тікелей қатысқан тұлғаларға 45 АЕК көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұрын бұл төлемнің мөлшері 36 АЕК болатын.

Биылдан бастап қозғалу қиындығы бар I топтағы мүгедектердің жеке көмекшілерінің санаториялық-курорттық емделуіне 147 680 теңге (40 АЕК) көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұл қаражат жеке көмекшінің санаториялық-курорттық ұйымда болу құнын өтеу үшін жылына бір рет төленеді. Ал пробация қызметінің есебінде тұрғандарға 36 920 теңге (10 АЕК) төленеді. Әлеуметтік көмек бір рет беріледі.