
Шымкент қаласындағы “Бақытты жанұя” орталығының қызметі өзге өңірлерге үлгі. Бүгінде орталықта көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға заңгерлік, психологиялық, әлеуметтік қызметтері мен түрлі мамандыққа баулу курстары ұйымдастырылады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі Таңшолпан Ерманова, «Qoldau» қорының жетекшісі Фарида Сағындық, жоба жетекшісі Ақмарал Есқараева, ЮНИСЕФ кординаторы Азамат Жаманшинов орталықтың қызметімен танысты.
“Бақытты жанұя” орталығы мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері 2023 жылы
22 305 әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы және жалғызбасты аналар мен әкелерге қызмет көрсеткен.
Орталықта аналарды кәсіпкерлікке баулу мақсатында түрлі бағыттағы оқу курстары жолға қойылған. Өткен жылы 683 ана оқу курсын бітіріп, жаңа мамандықты игерді. Осында білімін шыңдаған 92 ана кәсібін ашса, 392 ана үй жағдайында өз-өзін жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар, бизнесі ілгерілеген аналар түрлі байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүр.
Мәртебелі меймандар орталықтың атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын бере отырып, мұндай озық тәжірибе өзге өңірлерде де жүзеге асыру қажет екенін жеткізді.