ҮШ МЫҢНАН АСТАМ АЗАМАТ АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТПЕН ҚАМТЫЛҒАН

ҮШ МЫҢНАН АСТАМ АЗАМАТ АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТПЕН ҚАМТЫЛҒАН

     2026 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша қалада 3 261 азамат арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылды. Оның ішінде 816 адам стационарлық, 825 адам жартылай стационарлық, 373 адам уақытша болу жағдайында, 1 247 азамат үйде қызмет көрсету форматында көмек алды. 2025 жылы бұл көрсеткіш 3 236 адамды құраған.

     Қалада әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында жаңа нысандар іске қосылып, қолданыстағы орталықтардың қуаттылығы кеңейтілуде. 2025 жылы 50 орындық «Сенім» орталығы мен 150 орындық «Балауса» балалар орталығы құрылды. Сонымен қатар «№1 стационар жағдайдағы орталыққа» қосымша 50 орындық ғимараттың құрылысы аяқталып, материалдық-техникалық жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде.

     Мүгедектігі бар азаматтарды оңалту инфрақұрылымын дамыту бағытында 150 орындық жаңа оңалту орталығының құрылысы жүргізілуде. Нысанның жалпы дайындығы 70 пайызды құрайды, оны 2026 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Жобаның құны – 14,05 млрд теңге.

     Бұдан бөлек, «Қолдау» балалар орталығын жабдықтауға «Қазақстан халқына» қоры тарапынан 574,9 млн теңге көлемінде қолдау көрсету жоспарланған. Ал «Бейімдеу орталығында» қосымша 100 орындық ғимарат салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

     Осы жобалардың барлығы арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін кеңейтіп, ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен балаларға көрсетілетін әлеуметтік көмектің сапасын арттыруға бағытталған.