
Қазіргі таңда Шымкент қаласында 43 924 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Өткен жылы олардың саны 42 702 адам болған. Оның ішінде бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар саны – 5 223, екінші топта – 15 304, үшінші топта – 14 502 адам. Сонымен қатар қалада 18 жасқа дейінгі 8 895 мүгедектігі бар бала бар.
Брифингте мүгедектігі бар азаматтарды оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес қажетті құралдармен және қызметтермен қамтамасыз ету жұмыстарының нәтижелері де таныстырылды.
2026 жылы осы бағыт бойынша 52 515 өтінім келіп түсіп, оның 42 330-ы немесе 80,7 пайызы орындалған. Ал 2025 жылы 47 924 өтінімнің 37 254-і қамтамасыз етіліп, көрсеткіш 77,7 пайызды құраған.
Атап айтқанда, кресло-арбаға мұқтаж азаматтарды қамтамасыз ету деңгейі 91,4 пайызды құрады. Жеке көмекші қызметіне өтініш білдіргендердің 97,3 пайызы, ымдау тілі маманының қызметіне мұқтаж азаматтардың 97,3 пайызы қамтылды. Гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету көрсеткіші 91 пайызға жетті.
Сонымен қатар 5 528 азамат протездік-ортопедиялық көмекпен, 652 адам сурдологиялық, 1 135 адам тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз етілді. Санаторлық-курорттық емдеуге мұқтаж 11 633 азаматқа жолдама берілді.
Мүгедектігі бар азаматтардың жүріп-тұру мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы жабдықталған «Инватакси» қызметі де көрсетілуде. Қазіргі таңда қалада 38 «Инватакси» көлігі жұмыс істейді. Аталған қызметті алу бойынша 551 өтініш қабылданып, азаматтарға тиісті қызмет көрсетілуде.
Әлеуметтік қолдаудың негізгі мақсаты – мүгедектігі бар азаматтарды қажетті оңалту құралдарымен қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың күнделікті өмірге белсенді араласуына және қоғамдағы мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасау.