
Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан халықты жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте басқарма басшысы Жанат Өмірсейітқызы Утебаева мәлімдеді.
2026 жылдың II тоқсанындағы мәліметке сәйкес, қаладағы жұмыссыздар саны 22 401 адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз болды. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,8 пайызды құрады.
Биыл Шымкентте 31 398 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 26 412-сі немесе 84,1 пайызы тиісті шараларға тартылған. Оның ішінде 16 273 адам тұрақты жұмыс орындарына, 3 366 адам уақытша жұмыс орындарына орналастырылса, 6 772 адам кәсіптік оқыту бағыттарына жолданған.
Сонымен қатар, жұмыспен қамту шаралары аясында 21 952 адамды қамту жоспарланып, нақты 18 680 адам қатысты. Олардың 8 678-і тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.
Қалада жүзеге асырылып жатқан концепциялар, даму бағдарламалары және азаматтардың жеке бастамалары есебінен жаңа жұмыс орындарын құруға да басымдық берілуде. Осы бағытта 9 446 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, қазіргі таңда 7 732 адам жұмысқа жолданған.
Бұдан бөлек, жастардың жазғы демалысын тиімді өткізуіне мүмкіндік беру мақсатында студенттер мен мектеп оқушыларын қоғамдық жұмыстарға тарту жұмыстары жүргізілуде.
Осы мақсатта жұмыс берушілерден арнайы өтінімдер жинақталып, 1 маусымнан бастап 298 жас үш ай мерзімге қоғамдық жұмысқа жолданған. Оның ішінде 192-сі – жоғары оқу орындарының студенттері, 106-сы – 16 жастан асқан мектеп оқушылары.
Қоғамдық жұмысқа тартылған жастарға ай сайын 28 АЕК мөлшерінде, яғни 121 100 теңге көлемінде жалақы төленеді.
Аталған шаралар қала тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты теңестіруге және жастардың еңбекке араласуына мүмкіндік беруге бағытталған.