ЖӘРМЕҢКЕ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: 60 ОТБАСЫ СОЛТҮСТІК ӨҢІРГЕ ЕРІКТІ ҚОНЫС АУДАРУҒА НИЕТ БІЛДІРДІ

ЖӘРМЕҢКЕ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: 60 ОТБАСЫ СОЛТҮСТІК ӨҢІРГЕ ЕРІКТІ ҚОНЫС АУДАРУҒА НИЕТ БІЛДІРДІ

     Шымкент қаласы Көрме орталығында «Еңбек күніне» орай өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің қорытындысы бойынша, 100-ден астам жұмыс беруші қатысып, азаматтарға 2500 тұрақты және 1200 уақытша, жалпы 3700 бос жұмыс орны ұсынылды. Іс-шараға 1000-нан астам адам, оның ішінде 20-ға жуық қандас қатысты.

     Жәрмеңкеде жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнап, азаматтарға мамандығына және еңбек тәжірибесіне сәйкес бос жұмыс орындары ұсынылды. Нәтижесінде 150-ден астам адамға тұрақты жұмыс орындарына жолдама беріліп, 70 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. 3 азамат субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Оның ішінде 2 адам «Жастар практикасы» жобасына, 1 адам «Күміс жас» жобасына қатысты.

     Жәрмеңкеде әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Алимент бойынша берешегі бар 44 борышкер қатысып, олардың 9-ына тұрақты жұмысқа орналасуға жолдама берілді.

     Бұдан бөлек, 80 азаматқа «Enbek.kz» платформасы арқылы жұмыс іздеуші ретінде тіркелуге көмек көрсетілді. Қатысушыларға қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, мемлекеттік қайтарымсыз грант алу және басқа да жұмыспен қамту бағдарламалары бойынша кеңес берілді.

     Жәрмеңкенің тағы бір маңызды бағыты – азаматтарды еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныстандыру мәселесі болды. Қандастар мен қоныс аударушыларды тарту мақсатында Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарынан 6579 бос жұмыс орны ұсынылды. Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 60 отбасы қоныс аударуға ниет білдірді.

     Іс-шара барысында тұрғындарға «Қарызсыз қоғам» жобасы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі және мемлекет тарапынан көрсетілетін өзге де қолдау шаралары туралы ақпарат берілді. Қатысушыларға ақпараттық-танымдық буклеттер таратылды.

    Еңбек жәрмеңкесі – жұмыс іздеген азамат пен жұмыс берушіні байланыстыратын тиімді алаң. Мұндай шаралар тұрғындардың жұмыспен қамтылуына жол ашып қана қоймай, мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік қолдау мүмкіндіктерін кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.