
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай №7 үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан қызмет алушы ерекше балаларға арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Мерекелік шараның басты мақсаты – балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына қолдау көрсету, сондай-ақ мейірім мен қамқорлықтың маңызын дәріптеу болды.
Іс-шара барысында Ташенов университеті мен Шымкент университетінің қолдауымен концерттік бағдарлама ұсынылып, әсем әндер шырқалды. Өнерпаз жастардың орындауындағы музыкалық шығармалар балаларға ерекше әсер қалдырып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар демеушілер тарапынан дайындалған арнайы сыйлықтар табысталып, балаларға қуаныш сыйланды. Мереке аясында балалар мен олардың ата-аналарына арналып ақ дастархан жайылып, түскі ас ұйымдастырылды. «Zor Plov» және «SAFI» мейрамханаларының демеушілігімен дәмді тағамдар ұсынылып, тәттілер таратылды.
Шара барысында балалар түрлі ойын-сауық бағдарламаларына қатысып, көтеріңкі көңіл күйге бөленді. Балалардың шат күлкісі мен ата-аналардың ризашылығы мерекенің ерекше атмосферасын айшықтай түсті.
Мұндай игі бастамалар ерекше балалардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне, олардың қоғам тарапынан қамқорлық пен қолдауды сезінуіне мүмкіндік береді. Сондықтан да балалардың қуанышын еселеп, олардың жарқын болашағына үлес қосуға бағытталған шаралардың маңызы зор.
Осы орайда мерекелік іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен барлық демеушілер мен ұйымдастырушыларға шынайы алғыс білдіреміз. Балаларымыздың жүзінен күлкі кетпей, дендері сау, болашақтары жарқын болып, бақытты ғұмыр кешулеріне тілектеспіз.