
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «ТEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығында Жаңа Ата Заң жобасына арналған түсіндіру жиыны өтті. Іс-шараға орталықтың қызмет алушылары қатысып, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер мен толықтырулар жөнінде кеңінен ақпарат алды.
Жиын барысында Орталық Азия Инновациялар университеті Заң кафедрасының доценті Серік Жорабеков баяндама жасап, жаңа заң жобасының негізгі бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, құжатта азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын арттыру және қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайту көзделген. Сонымен қатар, адам құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерді күшейту және заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселелері кеңінен қамтылғаны атап өтілді.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды. Заңгер жаңа редакциядағы баптардың мазмұнын қарапайым тілмен түсіндіріп, референдумның маңыздылығына тоқталды. Оның сөзінше, Ата Заңға енгізілетін өзгерістер елдің құқықтық жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған.
Орталық қызмет алушылары Жаңа Ата Заң жобасын қолдайтындарын білдіріп, 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумға белсенді түрде қатысатындарын жеткізді. Олар ел болашағы үшін маңызды шешім қабылдауда әр азаматтың дауысы шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Айта кетейік, мұндай түсіндіру жұмыстары қала аумағында тұрақты түрде ұйымдастырылып, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.