ШЫМКЕНТТЕ 27 МЫҢНАН АСТАМ ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ 27 МЫҢНАН АСТАМ ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛДЫ

     Шымкент қаласында 2025 жылы жұмыспен қамту шаралары жоспардан асыра орындалды. Жыл басында 49 655 адамды жұмыспен қамту көзделсе, нақтысында 53 411 тұрғынға қолдау көрсетілді. Соның нәтижесінде қаладағы жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызға, ал жастар арасындағы жұмыссыздық 2,9 пайызға дейін төмендеді. 

     Осы жылдың 11 айдың қорытындысы бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына 5 403 адам жолданып, бос жұмыс орындарына 12 555 тұрғын орналастырылды. Кәсіптік оқуға 760 адам, онлайн платформалар арқылы 3 657 адам, ваучерлік оқуға 128 тұрғын жіберілді. Жалпы алғанда, жұмыспен қамту бағытында 25 630 адамға мемлекеттік қолдау көрсетілді.

     Қалада жаңа жұмыс орындарының ашылуы да қарқынды жүріп жатыр. Жоспарланған 21 830 тұрақты жұмыс орнының орнына 27 781 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 127 пайызға орындалды.

     Мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауына байланысты қалада жұмыспен қамтуға бағытталған 76 іс-шара өткізілді. Оның ішінде 4 ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, 2 ашық есік күні, 3 квота бойынша жәрмеңке және шалғай елді мекендерде апта сайын ұйымдастырылған 67 жәрмеңке бар. Бұл шараларға 400-ден астам жұмыс беруші қатысып, 4500-ге жуық тұрғын қамтылды. Нәтижесінде 711 адам тұрақты жұмысқа, 291 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Сонымен қатар 1000-нан астам тұрғынға солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аудару бағдарламасы түсіндірілді. Бағдарлама аясында 162 отбасы, яғни 668 адам жұмыс күші тапшы өңірлерге көшті.

     2025 жылы Шымкент қаласына 1 045 қандас қоныс аударып, олардың басым бөлігі еңбекке қабілетті жаста болды. Қандастарды қоғамға бейімдеу және жұмыспен қамту бағытында тиісті шаралар жүргізілді.

     Биыл студенттер мен оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында қоғамдық жұмыстар ұйымдастырылды. Жұмыс берушілерден өтінімдер қабылданып, 1 маусымнан бастап 783 адам қоғамдық жұмысқа жолданды. Оның ішінде 231 студент пен 552 оқушы бар. Қоғамдық жұмысқа қатысушыларға 3 ай мерзімге 28 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жалақы төленді.