
Бүгін Шымкент қаласында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Белсенді ұзақ өмір орталығы» КММ-нің жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының бас директоры Альфия Адиева, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева, ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен демеуші мекемелердің өкілдері қатысты.
Мәртебелі қонақтарға орталықтың жаңа ғимараты таныстырылды. Фойеде қазақ халқының ұлттық тағамдарын ұсыну дәстүрі көрсетіліп, халықаралық фестивальдің Гран-при иегері атанған «Жеті қазына» би тобы «Кесе» биін орындады. Сонымен қатар, «Асыл Арман» әжелер тобы «Белсенді әжелер» дефилесін көпшілік назарына ұсынды.
Іс-шара барысында орталықта көрсетілетін қызмет түрлері таныстырылды. Қонақтар үстел теннисі, шахмат пен шашка алаңдарын, республикалық спорт фестивальдерінде жүлделі орын алған қызмет алушылардың жетістіктерін тамашалады. Сондай-ақ дәрігерлік қабылдау бөлмесі мен шунгит, тұз кеніші және сенсорлық бөлмелерден тұратын емдік аймақтар көрсетілді.
Ғимараттың екінші қабатында араб тілі кабинеті, йога залы, физикалық және массаж кабинеттері, еңбек терапиясы бөлмесі орналасқан. Ал үшінші қабатта психолог кабинеті, кітапхана, арт-терапия бөлмелері (құм терапиясы, гончар және сурет), сондай-ақ кинозал жұмыс істейтіні таныстырылды.
Айта кетсек, бұған дейін Дулати 36 мекенжайындағы орталық жаңа ғимаратқа Дулати 64 мекенжайына ауысты.
Жаңа ғимараттың ашылуы – зейнет жасындағы азаматтардың белсенді өмір салтын ұстануына, денсаулығын нығайтуына және әлеуметтік ортаға бейімделуіне бағытталған маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі. Орталықта аға буын өкілдері үшін жан-жақты қолайлы жағдай жасалған.