
2025 жылдың үшінші тоқсанындағы мәліметке сәйкес, Шымкент қаласында жұмыссыздар саны 22 370 адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайыз болды. Қалада еңбек нарығын тұрақтандыру мақсатындағы жұмыстар жыл бойы жүйелі түрде жүргізілді.
Биыл 49 655 азаматты жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған еді. 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша, 51 261 адам қатысып, жоспар 103,2 пайызға орындалды.
Азаматтарға жұмыспен қамту шараларын көрсету жоспары да кезең-кезеңімен іске асуда. Есепті мерзімде 23 480 адам қатысып отыр.
Кәсіби білім беру бағытында 4 545 тұрғын оқуға жолданды. Жұмыс беруші базасында оқытуға 160, білім беру ұйымдарында оқытуға 600, Enbek.kz порталында онлайн оқытуға 3 657 адам жіберілді. Сонымен қатар 128 адам ваучерлік негізде оқудан өтті.
Кәсіпкерлікті дамыту шаралары аясында 3 127 тұрғын қолдау алды. Оның ішінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 2 696 адам кәсіпкерлік негіздерге оқытылды. Ал 431 азаматқа грант берілді.
Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 5 308 адам жұмысқа жолданды. Әлеуметтік жұмыс орындарына – 109, Жастар практикасына – 1 719, ақылы қоғамдық жұмыстарға – 2 643 адам тартылды. «Алғашқы жұмыс орындары» жобасына – 364, «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына – 8, «Күміс жас» жобасына 464 адам қатысты. Мүгедектігі бар азаматтар үшін қарастырылған бір жұмыс орны да толық игерілді.
Бос жұмыс орындары арқылы тұрақты жұмыспен қамту бағыты бойынша 10 500 тұрғын тұрақты жұмысқа кірісті.
Қаланың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары және кәсіпкерлердің жеке бастамалары есебінен 21 830 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Есепті кезеңде бұл көрсеткіш артығымен орындалып, 27 781 адам жаңа жұмысқа орналасты.
Жалпы алғанда, Шымкент қаласында биылғы жылы жұмыспен қамту шаралары жоспардан жоғары орындалып, еңбек нарығында оң өзгерістер орын алды.