Шымкент қаласында Халықаралық қарттар күні аталып өтті

Шымкент қаласында Халықаралық қарттар күні аталып өтті

     Шымкент қаласында Халықаралық қарттар күніне орай бірқатар игі шаралар ұйымдастырылды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мереке аясында еңбек ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің үйлеріне арнайы барып, олардың отбасымен жүздесті.

     Әкім ардагерлер Жүзбай Қырғызбаев пен Әлімқұл Байбулековке ізгі тілегін жеткізіп, естелік сыйлықтар табыс етті. Құрметті ақсақалдарға зор денсаулық, отбасы амандығы мен ұзақ ғұмыр тіледі.

     – «Ардагерлеріміздің қажырлы еңбегі мен өмірлік тәжірибесі – кейінгі буынға үлгі. Сіздердің даналықтарыңыз – біз үшін баға жетпес қазына», – деді Ғабит Сыздықбеков кездесу барысында.

     Сонымен қатар қалада өткен салтанатты жиында ардагерлер мен зейнеткерлердің қоғам дамуына қосқан үлесі атап өтілді. Қала әкімі мен зиялы қауым өкілдері олардың көпжылдық еңбегіне ризашылығын білдірді. Ерекше көзге түскен азаматтарға төсбелгілер мен арнайы сыйлықтар табысталды.

     Іс-шара барысында жылы тілектер айтылып, үлкендердің өнегелі жолы кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде насихатталды. Қарттарға деген құрмет пен қамқорлық – қоғамның адамгершілік деңгейін айқындайтын құндылық екендігі баса айтылды.

     Халықаралық қарттар күні қарсаңында өткен шара қарттарға қуаныш сыйлап қана қоймай, қоғамдағы ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісіне айналды.