"Ізетті зейнеткер" мекемесінде әлеуметтік қолдау шаралары таныстырылды

"Ізетті зейнеткер" мекемесінде әлеуметтік қолдау шаралары таныстырылды

     Абай ауданы тұрғындары мен шипажайда ем алушы зейнеткерлердің қатысуымен «Ізетті зейнеткер» мекемесінде «Әлеуметтік қолдау шараларын тағайындауда отбасылардың әл-ауқатын анықтаудың скорингтік моделін енгізу» тақырыбында жиналыс өтті.

    Іс-шараға Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы және «Отбасы банк» өкілдері қатысып, жоба туралы жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түрлері түсіндірілді.

     Жиын барысында пилоттық жобаның цифрлық платформа негізінде жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді. Жоба білім беру, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй және спорт салаларындағы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

     Скорингтік модель аясында отбасылардың әл-ауқат деңгейі 23 әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш бойынша бағаланады және 6 санатқа бөлінеді. Қажетті қолдау түрлері цифрлық карта арқылы автоматты түрде тағайындалады.

     Мемлекеттік жәрдемақылар бұрынғы тәртіппен сақталады. Ал қосымша көмектер — тегін тамақтану, жатақхана, санаторлық емдеу, тұрғын үй көмегі сынды қызметтер нақты мұқтаж азаматтарға жергілікті бюджет есебінен көрсетіледі. Бағалау кезінде табыс, мүлік, көлік, несиелер, денсаулық жағдайы, мүгедектік, білім деңгейі мен бейресми табыс ескеріледі.

     Айта кету керек, скорингтік модель республикалық бюджеттен төленетін 41 мемлекеттік жәрдемақының ешқайсына әсер етпейді — бұл төлемдер өзгеріссіз беріледі.

     Жиын соңында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, мамандардан нақты әрі толық жауаптар алды.