2025 жылдың 26 тамыз күні «Ten Qogam» бейімдеу орталығында Еңбекші аудан тұрғындары мен мүгедектігі бар азаматтардың қатысуымен «Әлеуметтік қолдау шараларын тағайындауда отбасылардың әл-ауқатын анықтаудың скорингтік моделін енгізу» бойынша жиналыс өтті.
Іс-шарада қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, қалалық дене шықытыру және спорт басқармасы және Отбасы банк және өкілдері жоба жайлы ақпарат беріп, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түрлерін түсіндірді.
Цифрлық платформа негізінде жүзеге асырылып жатқан пилоттық жобаның білім беру, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй және спорт салаларында қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталғаны атап өтілді.
Отбасылардың әл-ауқаты 23 әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш негізінде бағаланып, 6 санатқа бөлінеді. Қажетті қолдау цифрлық платформа арқылы автоматты түрде тағайындалады.
Мемлекеттік жәрдемақылар сақталады, ал қосымша көмектер (тегін тамақ, жатақхана, емдеу, тұрғын үй көмегі) нақты мұқтаж азаматтарға жергілікті бюджет есебінен беріледі.
Бағалау кезінде табыс, мүлік, көлік, несие, денсаулық, мүгедектік, білім деңгейі мен бейресми табыс ескеріледі.
Егер отбасында 2 үй, 2 көлік, тіркелген заңды тұлға болса және табыс күнкөріс деңгейінен 4 есе көп болса, ол қосымша қолдауға жатпайды.
1–5 санаттағы отбасыларға көмек автоматты түрде беріледі.
Скоринг моделі 41 мемлекеттік жәрдемақыға әсер етпейді – олардың төлемі өзгеріссіз қалады.
Жиын соңында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, мамандардан нақты әрі түсінікті жауаптар алды.