Шымкент қаласында «Әлеуметтік қолдау шараларын тағайындау кезінде отбасылардың әл-ауқатын анықтаудың скорингтік моделін енгізу» бойынша брифинг өтті

Шымкент қаласында «Әлеуметтік қолдау шараларын тағайындау кезінде отбасылардың әл-ауқатын анықтаудың скорингтік моделін енгізу» бойынша брифинг өтті

     Қазақстанның екі облысында отбасылардың әл-ауқат деңгейін анықтаудың баллдық үлгісін қолдана отырып, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, тұрғын үй қатынастары және дене шынықтыру салаларында бірқатар мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Жаңа тәсіл республикалық бюджеттен әлеуметтік төлемдердің барлық түрлерін сақтай отырып, нақты мұқтаж азаматтарға жергілікті атқарушы органдар тарапынан қосымша қолдау шараларын көрсетуге мүмкіндік береді.

     Алты мемлекеттік органның (ҚР ҒЖБМ, ҚР ОМ, ҚР ТСМ, ҚР ӨҚМ, ҚР ЦДИАӨМ және ҚР ЕХӘҚМ) 2020 жылғы 22 мамырда Шымкент қаласында және Қарағанды облысында пилоттық жобаны іске асыру туралы бірлескен бұйрығына қол қойылды.

     Отбасылардың әл-ауқат деңгейін анықтаудың баллдық моделі жергілікті бюджеттер есебінен іске асырылатын қосымша әлеуметтік қолдау шараларын тағайындау кезінде пайдаланылады, мысалы, мектептерде тамақтандыру, колледждер мен ЖОО студенттерін жатақханамен қамту, санаториялық-курорттық емдеу, тұрғын үй көмегін көрсету және т.б.

     Отбасының әл-ауқат деңгейі 23 әлеуметтік-демографиялық және экономикалық критерийлер бойынша анықталатын болады. Қосымша қолдау шараларына өтініш білдірген барлық отбасылар 6 санатқа жіктеледі – аса қажеттіліктен (азық-түлікке қаражаттың болмауы) жоғары әл-ауқатқа дейін (қаржылық қиындықтар жоқ). Шешім отбасының цифрлық картасы арқылы жиналған объективті деректер негізінде автоматты түрде қабылданады.

     Көмек барлығына бірдей емес, қажеттілігіне қарай көрсетіледі. Материалдық көрсеткіш ретінде есепке алынады: табыс, мүлік, көлік, несиелердің болуы; және материалдық емес (денсаулық, мүгедектік, білім деңгейі), сондай-ақ тәуелділік ауыртпалығы және жасырын табыстың болуы, мысалы, бейресми жұмыс.

     2 және одан да көп тұрғын үй, 2 және одан да көп көлік құралы, тіркелген заңды тұлғасы (ЖК, ЖШС) бар және бір отбасы мүшесіне шаққандағы айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 4 деңгейінен асатын үй қожалығы – әл-ауқат деңгейі жоғары 6-санатқа жатқызылады. Мұндай отбасылар жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын қосымша әлеуметтік қолдау шараларын алушылардың қатарынан шығарылады.

     1-5 санатқа жатқызылған отбасыларды қолдау шараларын тағайындау автоматты түрде жүзеге асырылады.

     Скорингтік үлгіні енгізу республикалық бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдерге (барлығы 41 түріне) әсер етпейтінін ерекше атап өткен жөн. Базалық және ынтымақты зейнетақылар, жүктілігі және бала күтімі бойынша 1,5 жасқа дейінгі жәрдемақылар, көпбалалы аналарға және марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы, мүгедектік бойынша және мүгедек бала күтімі бойынша жәрдемақылар, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы, арнаулы мемлекеттік және басқа да жәрдемақы түрлері өзгеріссіз төленетін болады.

     Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек бірдей көлемде сақталады.

     Бұл туралы брифингте Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Утебаева Жанат Умирсейтовна, білім басқармасы басшысының орынбасары Касымова Жанар Сатыбалдиевна, дене шынықтыру және спорт басқармасының спорт ұйымдарының қызметін үйлестіру бөлімінің басшысы Утепбергенов Нурлыбек Ахатович және «Отбасы банк» АҚ-ның Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Ахыншаев Еркін Бахытбекович баяндады.