2025 жылы жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттар берудің алғашқы легі аяқталды. Қаржылай қолдауға 134 тұрғын ие болды.
Мемлекеттік қолдау аясында кәсіп бастауға ниетті азаматтарға 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 1 572 800 теңгеге дейінгі гранттар қарастырылды. Жоба шеңберінде барлығы 934 өтініш қабылданып, арнайы комиссия шешімімен 134 үміткердің ісі мақұлданды. Қазіргі таңда грант иегерлері Еңбек мобильділігі орталығымен екі жақты келісім жасалып, қаржы аудару жұмыстары жүргізілуде.
Грант иегерлерінің басым бөлігі – әлеуметтік осал санаттағы азаматтар. Атап айтқанда, қаржылай қолдау алғандардың ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар – 5 адам, асыраушысынан айырылғандар – 7 адам, мүгедектігі бар, еңбекке қабілетті азаматтар – 23 адам, көпбалалы отбасылар – 71 адам және мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар – 28 адам.
Қолдау тапқан жобалар әртүрлі бағыттарды қамтиды. Әсіресе қызмет көрсету саласы алдыңғы орынға шықты – бұл бағытта 50 жоба мақұлданған. Сонымен қатар, өндіріс саласы (құлпынай өсіру, ет өнімдері және т.б.) – 39 жоба, тігін – 15, кондитерлік және наубайхана өнімдері – 14, жартылай дайын өнімдер – 9, мал және құс шаруашылығы – 2, жиһаз өндірісі – 1 жоба мақұлданды. Ал фаст-фуд, өзімен алып кететін сусындар, шұжық өнімдері сынды өзге бағыттағы жобалар саны – 4.
Мемлекеттік гранттар азаматтардың өз ісін бастауына, табыс көзін арттыруына және ел экономикасына үлес қосуына жол ашып отыр. Алдағы уақытта грант иегерлері өз жобаларын жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік алады.