ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ КОАЛИЦИЯ ҚОҒАМДА ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫ ТҮСІНДІРЕДІ

ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ КОАЛИЦИЯ ҚОҒАМДА ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫ ТҮСІНДІРЕДІ

Бүгін елордада еліміздің жетекші қоғамдық-саяси күштері «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлттық коалицияға бірікті. Оның құрамына бес жетекші саяси партияның өкілдері мен миллиондаған азаматтың мүддесін білдіретін 300-ден астам қоғамдық ұйым енді.
 
Отырысқа қатысушылар Жаңа Конституция жобасы саяси жүйе архитектурасын қоғамның жаңа сұранысына сай түбегейлі қайта жаңғыртатынын атап өтті. Бұл биліктің барлық тармағының тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.
Мәжіліс Спикері, Жалпыұлттық Коалиция Жетекшісі Ерлан Қошанов атап өткендей, Жаңа Конституция – шын мәнінде тарихи құжат. Онда ең алдымен адамға басымдық беріліп, мемлекеттің басты байлығы жер қойнауындағы ресурстар емес, білімді жас ұрпақ екені айқындалды. Бұл – Президент қолға алған ауқымды өзгерістердің алтын арқауы. Енді ол ең жоғары конституциялық деңгейде бекітілуде.
«Қазақстанның жаңа Конституциясы – осы іргелі реформалардың шырқау шыңы. Бұл – Президентіміздің жылдар бойғы ой-толғамдарының жемісі. Халықтың мұң-мұқтажы, талап-тілегі мен үміт-сенімі ұштасқан тарихи құжат. Сондықтан Жаңа Конституция халықпен бірге жазылған – нағыз Халықтық Конституция деуге толық негіз бар. Біз келер ұрпаққа әр азамат мақтан тұтатын, Өркендеген, Әділетті Қазақстанды қалдыруымыз керек. Бәрімізді біріктіретін осы асқақ арман. Сол арманға – Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанға Президентімізбен бірге жетейік», – деді ол.
Өз сөзінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Жаңа Конституцияның маңызына тоқталды: «Қазақстан болашақта азаматтары білімді, ғылымды меңгерген, инновацияға арқа сүйеген, технологиясы дамыған елдердің қатарында болуға ұмтылатынын байқатты. Сондықтан, бұл елдің өркендеуіне жаңа серпін беретін Конституция», – деді ол.
Сондай-ақ отырыс барысында «Ауыл» партиясының Төрағасы Серік Егізбаев, «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясының Төрағасы Азат Перуашев, «Respublica» партиясының Төрағасы Айдарбек Қожаназаров, Мәжілістегі Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов, Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Саиров, Үнзила Шапақ және Сергей Пономарев сөз сөйледі.
Сонымен қатар «АгромашХолдингKZ» АҚ Президенті Динара Шүкіжанова, Республикалық адвокаттар алқасының Төрағасы Мәди Мырзағараев, саясаттанушы Марат Шибұтов, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының Президенті Рауан Кенжеханұлы өз ұстанымдарымен бөлісті.