ШЫМКЕНТ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ ЗАМАНАУИ МУЛЬТИМОДАЛЬДЫ ХАБ РЕТІНДЕ ДАМЫП КЕЛЕДІ

ШЫМКЕНТ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ ЗАМАНАУИ МУЛЬТИМОДАЛЬДЫ ХАБ РЕТІНДЕ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өңірлік әуежайларды бәсекеге қабілетті әрі логистикалық қызметтердің толық спектрін ұсынатын мультимодальды орталықтарға айналдыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Шымкент халықаралық әуежайын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Атап айтқанда, жеке инвестор «SCAT» әуе компаниясының қаражаты есебінен жаңа жолаушылар терминалы салынып, 2024 жылғы желтоқсан айында пайдалануға берілді. Ескі терминалдың өткізу қабілеті сағатына
200 жолаушыны құраса, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш сағатына 2 000 жолаушыға дейін артты. Аталған нысан жылына
10–12 миллион жолаушыны қабылдауға мүмкіндік береді.

Шымкент қаласы әуежайының халықаралық әуе бағыттары 10-нан 16-ға ұлғайды. 2025 жылдың желтоқсан айынан бастап Бангкок қаласына жаңа рейс ашылды. Сонымен қатар, ішкі әуе бағыттар саны 7-ден 12-ге ұлғайды.

Осыған сәйкес, жолаушылар ағынының өсуі де айқын байқалуда.
2025 жылы Шымкент әуежайы арқылы 2,5 млн жолаушы тасымалданып,  өткен жылмен салыстырғанда 17 пайыз өсім тіркелді.

Сонымен қатар, жүк тасымалы бойынша халықаралық операторлармен (Challenge Group, One Air, My Freighter, Hong Kong Air Cargo, Ethiopian Airlines, My Freighter, Fly Khiva)  келісімдерге қол жеткізіліп, 2025 жылы тасымалданған жүк айналымы 2,3 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда өсім 51,5 пайызды құраған.

Мемлекет басшысының әуежайды халықаралық заманауи мультимодальды хабқа айналдыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, жаңа ұшу-қону жолағын салу жұмыстары басталды. Ұзындығы 3300 метр, ені 75 метр болатын ұшу-қону жолағы ІСАО-ның 3-санаттағы халықаралық стандартына сай салынып, заманауи жолаушылар және жүк ұшақтарын қондыру және ұшыру бойынша шектеусіз операциялар жүргізуге мүмкіндік береді.

Одан бөлек, 2025 жылдың қыркүйек айында Шымкент халықаралық әуежайы сертификаттау рәсімінен сәтті өтіп, RA3 (Regulated Agent Third Country) мәртебесіне ие болды. Бұл сертификат әуежайдың жүк тасымалдау саласында Еуропалық одақтың қатаң авиациялық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келетінін растайды. RA3 сертификатын алу – Қазақстанның халықаралық көлік және сауда дәліздеріне ықпалдасу жолындағы маңызды қадам және ол өңірдің логистикалық және іскерлік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.