Шымкент қаласында қоғамдық көлік қызметін жетілдіру және тұрғындардың көлікке қолжетімділігін арттыру бағытында тұрақты жұмыстар атқарылуда. 2025 жылы бұл салада жүргізілген шаралар жолаушылар тасымалының сапасын арттыруға және қалаішілік қатынасты тиімді ұйымдастыруға негізделді.
Қазіргі таңда қала аумағында 83 тұрақты маршрут күнделікті режимде қызмет көрсетіп, 988 автобус жолаушыларды тасымалдауда. Аталған маршруттардың 79-ы әлеуметтік маңызы бар бағыттарға жатады, бұл халықтың түрлі санаттары үшін қоғамдық көліктің қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.
Қоғамдық көлік қызметін ұйымдастыруда жеке тасымалдаушылардың да үлесі зор. Бүгінде 12 көлік компаниясы шарттық негізде жұмыс істеп, белгіленген маршруттар бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асыруда. Бұл өз кезегінде қызмет көрсету сапасын бақылауға және тасымалдау талаптарының сақталуына мүмкіндік береді.
2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қоғамдық көлікпен тасымалданған жолаушылар саны 86 миллион адамды құрады. Бұл көрсеткіш қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген сұранысының жоғары екенін және саланың қарқынды дамып келе жатқанын айғақтайды.
Жалпы алғанда, қоғамдық көлік саласында жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстар Шымкент қаласында тұрғындардың еркін әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге, сондай-ақ заманауи қалалық көлік инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған.