Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Еңбекші ауданындағы Момынов көшесінде салынып жатқан автомобиль өткелінің құрылыс барысын тексерді.
 
Жобаның негізгі мақсаты — көлік кептелісін азайту және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру.
Қала әкімі мердігер мекемеге құрылыс қарқынын үдетіп, барлық сапа стандарттарын сақтай отырып, жұмысты мерзімінде аяқтауды тапсырды.
 
Сонымен қатар әкім Абай ауданындағы Қазиев көшесінің жалғасы мен Шұбаркөл көшесінің құрылысымен танысты. Мердігер ұйымдарға әр кезеңнің сапалы орындалуын қамтамасыз етіп, құрылысты белгіленген мерзімде аяқтау жүктелді.
 
Бұл жобалардың жүзеге асуы аудандардың көлік инфрақұрылымын жақсартып, көршілес магистральдарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
 
Бұдан бөлек, Қонаев даңғылы мен Жандосов көшесінің қиылысындағы абаттандыру жұмыстарының барысы тексерілді. Нәтижесінде жауапты басқармаға қосымша көше жарығын орнатып, автокөлік қозғалысын барынша ыңғайлы ету тапсырылды.