Жол инфрақұрылымы

Жол инфрақұрылымы

Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес, 2025 жылы қалада 16 ірі жол нысанында құрылыс және қайта құру жұмыстары жүргізілуде.

Басты жобалардың бірі – Қонаев даңғылының жалғасын салу. Жоба алты кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда 5-кезең бойынша құрылыс жұмыстары атқарылып жатыр, ал толық аяқтау 2026 жылға жоспарланған.

Сондай-ақ, А-2 автомагистралін реконструкциялау жұмыстары жалғасуда. Бұл жоба сегіз кезеңге бөлінген: алғашқы төрт кезеңі аяқталып, пайдалануға берілді. Биылғы жылы 6-, 7- және 8-кезеңдерді аяқтау көзделіп отыр, ал 5-кезеңнің жұмыстары 2026 жылға өтпелі.

Көлік қозғалысын жеңілдету мақсатында Байтереков көшесінің жалғасы болып табылатын Алтынсарин көшесін қайта құру жұмыстары басталды. Бұл көше қаланың орталығын «Тұран» шағын ауданымен байланыстырады. Сонымен қатар, Сасбукаев пен Адырбеков көшелерін қосатын Жандосов көшесінің құрылысы және «Асар» мен «Шымсити» шағын аудандарын жалғайтын жаңа жол құрылысы аяқталды.

Бұдан бөлек, Байдібек би даңғылына балама бағыт ретінде Арғынбеков пен Төлеметов көшелерін байланыстыратын Қазиев көшесін салу жұмыстары басталды. Жоспарда – «Тұран-2» мен «Тассай» шағын аудандарын қосатын Ақсүмбе көшесін салу және Сиргели көшесін «Тұран» бағытына қарай жалғастыру бар.

Сонымен қатар, Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңақоныс және Ізендi (Самал-2, Самал-3 шағынаудандары) көшелерінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал Сайрам шағынауданындағы Ю. Сареми көшесінде (7 км) жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Койкелді батыр көшесі бойынан өзен үстінен жаңа көпір салынды.

Аталған барлық шаралар Шымкент қаласында көлік қатынасының қолжетімділігін арттыруға, жолдардағы қозғалыс жүктемесін азайтуға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.