Шымкент қаласының теміржол вокзалы (бұдан әрі – Теміржол вокзалы) «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының теңгерімінен 2020 жылдың 1 қазанында Шымкент қаласы әкімдігінің теңгеріміне өткізілген болатын. Кейіннен 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі шартқа сәйкес нысан 10 жыл мерзімге сатып алу құқығынсыз «Vostok Trade Pro» ЖШС-нің сенімгерлік басқаруына берілді.
Инвестордың жеке қаражаты есебінен вокзал ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары 2023 жылдың маусым айында басталып, 2024 жылдың мамыр айында толық аяқталып, пайдалануға берілді.
Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде вокзалдың жалпы алаңы айтарлықтай кеңейіп, бұрынғы 1770,2 шаршы метрден 2249,33 шаршы метрге дейін ұлғайды. Соның арқасында жолаушыларды өткізу қабілеті тәулігіне 2000 адамнан 6000 адамға дейін артты. Ғимараттың ішкі және сыртқы келбеті заманауи талаптарға сай қайта жөнделіп, күту залы, билет кассалары, ақпараттық табло және жолаушыларға арналған ыңғайлы аймақтар толық жаңартылды.
Қазіргі таңда Шымкент теміржол вокзалы тәулігіне 22 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Оның ішінде 4 бағыт – халықаралық, 18 бағыт – ішкі қатынастарды қамтиды. Вокзал аумағында жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған бейнебақылау, өртке қарсы жүйелер және ақпараттық инфрақұрылым орнатылған.
Теміржол вокзалының жаңаруы – Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл жоба қала тұрғындары мен қонақтарына сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдің туристік және экономикалық әлеуетін арттыруға да ықпал етуде.