Шымкент қаласында қоғамдық көліктерді жаңарту және жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда қала бойынша 82 тұрақты бағытта күн сайын 988 автобус жолаушылар тасымалдау қызметін атқаруда. Оның ішінде 79 бағыт әлеуметтік маңызы бар маршруттар қатарына енгізілген. Бұл бағыттарда 12 көлік компаниясы шарттық негізде қызмет көрсетеді.
Жалпы қаладағы автобустар саны 1150 бірлікті құрайды. Оның 132-сі үш жылға дейінгі, 973-і жеті жылға дейінгі, ал 45 автобус жеті жылдан асқан көліктер болып табылады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша 79,9 миллион жолаушы тасымалданса, биылғы жылдың тоғыз айының ішінде бұл көрсеткіш 67 миллион адамға жеткен. Бұл — қала халқы мен қонақтарының қоғамдық көлік қызметін белсенді пайдаланатынын көрсетеді.
Қаланың қоғамдық көлік жүйесін жаңарту мақсатында тасымалдаушы компаниялар жаңа автобустар сатып алу жұмыстарын жалғастыруда. 2024 жылы 19 жаңа автобус, ал 2025 жылы 88 жаңа автобус паркке қосылды.
Бұл автобустар экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, жолаушыларға барынша жайлы және заманауи талаптарға сай жабдықталған. GPS-навигация, бейнебақылау және электронды билет жүйесі орнатылған көліктер қала тұрғындарының қозғалысын ыңғайлы әрі қауіпсіз етуде.
Автобустарды үздіксіз және тиімді газбен қамтамасыз ету мақсатында «Shymkent Bus» ЖШС автопаркінің аумағында үшінші газ (метан) құю станциясының құрылысы жүргізілуде.
Аталған АГНКС газ станциясын іске қосу ағымдағы жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Бұл инфрақұрылым қоғамдық көлік паркіндегі газбен жүретін автобустардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және экологиялық зиянды шығарындыларды азайтады.
Қоғамдық көлік – қаланың күнделікті өміріндегі маңызды сала. Шымкент қаласында бұл бағытта жүйелі жаңарту жұмыстарының жүргізілуі жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге, экологиялық қауіпсіздікті арттыруға және заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастыруға жол ашуда.