Өздеріңізге белгілі, Шымкентте көлік инфрақұрылымын дамыту және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Олардың қатарында Изенді көшесін Юсупов көшесінен Төлеметов көшесіне дейін ұзарту жобасы бар. Жолдың жалпы ұзындығы – 1,9 шақырым.
Аралау кезінде осы учаскеде автокөлік қозғалысы ресми түрде ашылды. Жобаның мақсаты – Бәйдібек би даңғылы, Төлеметов көшесі мен А-2 айналма жолындағы көлік жүктемесін азайту.
Сонымен қатар, бірнеше маңызды көшеге күрделі жөндеу жүргізіліп, заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Атап айтқанда, Шұбаркөл көшесі (Б. Момышұлы көшесінен Өтегенов көшесіне дейін), Юсупов көшесі (А-2 автожолынан Шұбаркөл көшесіне дейін), сондай-ақ Жаңақоныс көшесі (Өтегенов көшесінен Жаңақоныс көшесіне дейін) жөнделді. Соңғы учаскеде Қошқарата өзені үстінен ұзындығы 15 метрлік жаңа көпір салынды.
Жөндеу жұмыстары барысында жолдың қозғалыс бөлігі кеңейтіліп, жаяу жүргіншілер жолы салынды. Көше жарығы орнатылып, суағар мен кіреберіс және шығаберіс жолдар жасалды. Барлық қажетті жол белгілері мен бағдаршамдар орнатылып, толық жол таңбалары сызылды. Нәтижесінде жүргізушілерге параллель көшелермен қозғалу мүмкіндігі туып, қаланың орталық магистральдарындағы жүктеме азайды.
Қала әкімі атқарылған жұмысты сапалы әрі уақытылы орындағаны үшін мердігер ұйымға алғысын білдірді. Жүзеге асқан жобалар қаладағы көлік қатынасын жақсартуға және тұрғындардың жайлылығын арттыруға айтарлықтай үлес қосатынына сенімдіміз.