«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: АЗАМАТТАРДЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМҒА ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: АЗАМАТТАРДЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМҒА ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ
 
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғындармен кездесу ұйымдастырылды. Қабылдауды Шымкент қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов өткізді. Кездесу барысында қала тұрғындары өздерінің жеке мәселелерін көтеріп, нақты ұсыныстарын білдірді.
Қабылдауға келген азаматтардың басым көпшілігі жол жөндеу, қоғамдық көлік және ирригациялық жүйелерге қатысты түйткілдерді алға тартты. Бұл мәселелер тұрғындар үшін өзекті екенін көрсетті.
Құрсай елді мекенінің тұрғыны өзі тұратын Ақалтын көшесіне асфальт төсеу туралы өтініш білдірді. Бұл сұраққа жауап берген Ролан Ибрагимов аталған аумақта алдымен Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілетінін айтты. Газ құбыры тартылғаннан кейін ғана асфальт төсеу жұмыстары басталатыны тұрғынға түсіндірілді.
Ақтас елді мекенінен келген тұрғын қоғамдық көлік қозғалысының сиректігін алға тартты. Басқарма басшысы бұл мәселе тұрғындар санына және бағыттың пайдалану тиімділігіне байланысты шешілетінін атап өтті. Қосымша маршруттарды енгізу мәселесі осы көрсеткіштерге сай қаралатынын жеткізді.
Алтынсарин көшесінің тұрғыны арық-атыз жүйесін орнату бойынша өтініш білдірді. Ролан Ибрагимов бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын, жұмыс жоспарына сай лотоктар орнату жалғасатынын айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша әрбір тұрғынның мәселесі назарға алынып, жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар берілді. «AMANAT» партиясы азаматтардың өтініш-тілектерін шешуде ашық диалог алаңын ұсынуды жалғастыра береді.