Шымкент қаласында креативті индустрияны дамытуға бағытталған маңызды оқиға – «Shymkent Creative HUB» орталығының ресми ашылу салтанаты өтті. Шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Жұмабекұлы Асылов арнайы қатысып, жаңа орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.
Жоба қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып отыр және оның басты мақсаты – шығармашылықпен айналысатын азаматтар мен кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастыру. Мұнда талантты жандар өз идеяларын жүзеге асырып, бірегей өнімдер жасап, оларды нарыққа ұсынуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, түрлі бағыттағы жобалар қолға алынып, шеберлік сабақтары мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылмақ.
Орталық аумағында дизайнерлер, суретшілер, қолөнер шеберлері және отандық «Сақ» киностудиясы жұмыс істейді. Жақын арада жас мамандар мен студенттер үшін арнайы шеберлік сағаттары, шығармашылық кештер мен фестивальдер өткізу жоспарланған.
«Shymkent Creative HUB» – бұл жай ғана креативті кеңістік емес, сонымен қатар Шымкент тұрғындары мен қала қонақтары үшін шабыт пен жаңашылдықтың жаңа мекені болмақ.
Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының баспасөз қызметі